Анкарада Қазақстан-Түркия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Анкарада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді, деп жазады Kursiv.Media.
Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда, көлік-логистика, энергетика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық талқыланды.
Мемлекет басшысы бауырлас Түркияны Республика күнімен құттықтап, елдің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Сіздің парасатты басшылығыңыздың әрі көреген саясатыңыздың арқасында Түркия ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатыр. Еліңіз саяси және экономикалық тұрғыдан жаңғырып, қарқынды дамып келеді. Түркияның абырой-беделі жылдан жылға арта түсуде. Біз Өзіңізді әлемдегі аса ықпалды көшбасшылардың бірі ретінде білеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған қазақ халқын ұлттық мерекемен құттықтап, екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту басты назарда екенін жеткізді.
«Биыл мамыр айында Астанаға жасаған сапарым барысында бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойдық. Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысында өзара қарым-қатынасты нақты қадамдармен бекіте түсеміз. Біз тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізіп, инвестициялық байланыстарды жандандыруға ниеттіміз», – деді Түрік елінің басшысы.
Тараптар алдағы уақытта Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті мен климаттық форум аясында да тығыз жұмыс істеуді жалғастыратынын растады.
Айта кетейік, президент Тоқаевты Анкараға Режеп Тайып Ердоған шақырған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
29 қазан 2026