Елдегі кәсіпкерлердің 70%-дан астамы TikTok-ты бизнес үшін пайдаланады
Қазақстандағы шағын және орта бизнес өкілдерінің 70%-дан астамы TikTok платформасын айына кемінде бір рет пайдаланады. Компаниялардың 88,3%-ы платформа жаңа клиенттер тартуға көмектесетінін айтқан. Сонымен қатар TikTok-пен байланыстыратын табысы жалпы кірісінің 5%-ынан асатын кәсіпорындардың үлесі бір жылда 57,8%-ға жеткен. Бұл туралы TikTok пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен зерттеуінде айтылған, деп жазады Kursiv.Media.
Зерттеу 2026 жылғы қыркүйек-қазан айларында Қазақстанның барлық 20 өңіріндегі 206 компания арасында жүргізілген. Сауалнама мәдениет, туризм, сауда, қоғамдық тамақтандыру, білім беру және басқа да салаларды қамтыған.
Зерттеу нәтижесі бойынша, сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 43,7%-ы TikTok-ты ай сайын бизнес мақсатында пайдаланатынын айтқан. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 14,2 пайыздық тармаққа жоғары. Ал компаниялардың 27,2%-ы платформаны апта сайын немесе одан да жиі қолданады.
Кәсіпкерлердің 88,3%-ы TikTok жаңа клиенттер тартуға оң әсер ететінін көрсеткен. Қатысушылардың 83,5%-ы платформа клиенттермен байланыс орнатуға көмектесетінін айтса, 73,3%-ы бәсекелестер арасында ерекшеленуге мүмкіндік беретінін атап өткен.
Компаниялар арасында ең кең тараған тәсіл – бейнематериалдар жариялау. Сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 77,6%-ы осындай контентті пайдаланатынын мәлімдеген. Ал контент авторларымен ынтымақтастық орнататын компаниялардың үлесі бір жылда 10,4%-дан 22,8%-ға дейін өскен. Ақылы жарнаманы қатысушылардың 18%-ы қолданады.
Зерттеу деректеріне сәйкес, TikTok-тағы белсенділікпен байланыстыратын табысы жалпы кірісінің 5%-ынан асатын компаниялардың үлесі 2025 жылғы зерттеумен салыстырғанда 12,3 пайыздық тармаққа артып, 57,8%-ға жеткен.
Сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 14,6%-ы үшін TikTok-пен байланыстыратын табыс жалпы кірістің кемінде төрттен бірін құрайды. Ал платформаны апта сайын пайдаланатын шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 11%-ы табысының жартысынан астамы TikTok-тағы белсенділікке байланысты екенін айтқан.
Зерттеуде кәсіпкерлердің осы платформа арқылы табатын ықтимал кірісі де модель бойынша есептелген. Консервативті сценарийде бұл көрсеткіш 531,6 млрд теңге деп бағаланған. Ал TikTok-ты белсенді пайдаланатын кәсіпкерлердің үлесі жоғары болған жағдайда, есептік табыс 797,4 млрд теңгеге немесе 1 трлн теңгеден астам сомаға жетуі мүмкін.
Тағы да оқыңыз: TikTok арқылы қандай бизнес жақсы жүреді?
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
29 қазан 2026