«Сарыағаш» шығаратын кәсіпорын мен ауыл тұрғындары арасындағы дау ушықты
«Сарыағаш Рауан», Aqua Rossa минералды суларын шығаратын компания мен Дербісек ауылының мыңдаған тұрғыны, жергілікті билік арасындағы теке-тірес одан сайын өршіп барады. Жергілікті халық компания үстінен 575 арыз түсіріп, оны ширек ғасыр бойы судан қысып келді деп айыптаса, кәсіпкерлер президенттен араша сұрайды.
Түркістан облысы Сарыағаш ауылына қарасты Дербісек ауылында, жергілікті әкімдік мәліметінше, қазір 16,7 мыңнан астам адам тұрады. Олар елдімекендегі жалғыз ғана ұңғымадан шығатын ауыз суға тәуелді.
25 жылдан астам уақытта айтарлықтай тозған нысанды жалға алып келген «Рауан» компаниясының ондағы мүддесі де миллиардтаған теңгемен бағаланады. Жергілікті халық пен кәсіпорын арасындағы теке-тірес осыдан алты жыл бұрын басталып, 2025 жылдың аяғында үдей түскен. Ал биыл көктемде Дербісектегі дау өңір аумағынан асып, бүкіл елге таралды. Оған 22 мамырдағы сот үкімі де себеп болды. Соған сәйкес, ширек ғасыр жыр болған ұңғыма енді мемлекет меншігіне өткелі жатыр.
Соттың мұндай шешімімен келіспейтін кәсіпорын өкілдері журналистермен кездесу үшін Алматы қаласына арнайы келіп, сәрсенбі күні баспасөз мәслихатын өткізді.
«Өңірде сөзімізді ешкім тыңдамаған соң әдейі осында келдік», – дейді олар.
Алайда Дербісектің ондаған тұрғыны да олармен ілесіп мегаполиске жетіпті. Сарыағаш ауданы әкімдігі мен соған қарасты түрлі мекемелердің өкілдері де осында жүр. Осылайша төрт жұлдызды «Voyage» қонақ үйі екі жақтың айтыс алаңына айналды. Есесіне БАҚ өкілдері дауласушы қос тараптың пікірін тыңдауға мүмкіндік алды.
«Ашулы адамдар («агрессивные жители«) баспасөз конференциясын үзгісі келеді», – деп сипаттады қонақ үйдегі жағдайды «Рауан» компаниясының бас заңгері Әлия Аралбаева.
Осыдан-ақ кәсіпорын мен ауыл тұрғындары арасындағы жанжалдың қаншалықты өткір екенін байқауға болады. Дербісектіктер баспасөз мәслихатына қатысқысы келгенімен, қонақ үй қызметкерлері оларды ішке кіргізбей, тіпті журналистер жиналған шағын залды іштен құлыптап алды.
Дегенмен БАҚ өкілдерімен кездесу белгіленген уақытта басталып, компания өкілдері өз уәждерін айтты. «Рауан» компаниясы бас директорының орынбасары Гүлім Смайылова осы уақыт ішінде жергілікті тұрғындар үшін «халық жауына» айналғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде де компанияға қарсы «хейт» күшейген.
«Жер мен су халықтың меншігі дейді. Қарсылық жоқ: суды бәрінің пайдалануға құқығы бар. Біз де халықтың бір мүшесіміз. 200 адам соншама отбасыны асырап отыр. Оны да ескерулеріңізді қалаймыз», – дейді топ-менеджер.
Оның айтуынша, осы ауылда ширек ғасыр бұрын құрылған кәсіпорын 2026 жылы ғана бизнеске 1,2 млрд теңге инвестиция салған – жаңа құрылғы сатып алған. Қомақты қаражат екінші деңгейлі бір банктен жеті жылға берілген. Алайда компания өкілі өндірісті әрі қарай дамытып, оның жемісін көруге мұрсат бермей жатыр дейді.
Топ-менеджердің айтуынша, «Рауан» компаниясы 2025 жылы бюджетке шамамен 500 млн теңге салық төлеген. Оның жүзден астам өнімі Қазақстан ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия және Тәжікстан нарығында сұранысқа ие, дейді кәсіпорындағылар.
Гүлім Смайылова компанияға қысымның артында кім тұр деген сауалға былай деп жауап берді:
«Бізге қысым әкімдік пен құзырлы органдар тарапынан болып тұр. Үстімізден түскен 575 арыздан бөлек, кәсіпорынды қаншама рет тексерді. Біз жұмыс істейміз бе, әлде солармен күресеміз бе?» – деп сұрайды топ-менеджер.
«Рауан» өкілдері жергілікті билік халықтың ауыз су мәселесін шешу үшін бизнесті құрбандыққа шалмауы тиіс деп есептейді.
Дербісек ауылы тұрғындарының уәждері одан асып кетпесе, бір елі кем түспейді. Олар су құлағында отырған компанияны ширек ғасыр бойы «судан қысып келді» деп айыптады.
«Біздің талабымыз: ауыз су ұңғымасы мемлекетке қайтып, соның ғана бақылауында болсын. Біз «Рауанға» сенбейміз. 25 жыл бойы халықты судан қысып келген адамдар бұдан кейін жұртты жарылқайды дегенге сенбейміз. Өзіне жететін 105 текше метр суын алсын, кәсібін әрі қарай дөңгелете берсін», – дейді ауыл белсендісі Гүлчехра Сыбанқұлова.
Тұрғындардың айтуынша, үлкен бір ауыл компаниядағы адамдардың қас-қабағына қарап, тіпті ауыз суды сатып алуға мәжбүр.
«Кешкі сағат 18:00-ге дейін тегін. Бірақ оны халық жеткізе алмайды ғой. Біз тоннасын 400 теңгеге сатып аламыз. Өйткені су таситын көліктің жанармайы, жүргізушінің ақысы бар», – деп түсіндірді тұрғын.
Тағы бір белсенді Дәурен Нышанбаев ауыл тұрғындары осы уақытқа дейін су бермей қоя ма деп үндемей келгенін айтты. Енді ауыл халқы осы теке-тірестен кейін кәсіпорын халыққа тіпті су бермей қоя ма деп те қауіптеніп отыр.
Бұған қоса, тұрғындар «Рауан» компаниясының ширек ғасырда Дербісек ауылына тигізген пайдасы жоқ екенін алға тартты.
«Әрбір кәсіптің әлеуметтік жауапкершілігі болады. 25 жылдың ішінде салып берген спорт кешені, не балалар алаңқайы жоқ», – дейді Сыбанқұлова.
Компания өкілі ауылға айтарлықтай көмек көрсетілмегенін ішінара мойындады, бірақ даулы мәселеге қатысты оң шешім қабылданған жағдайда көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.
«Расымен ауқымды іс-әрекет жасалмаған. Бірақ мектепте компьютерлік сыныптар аштық. 2015 жылы сегіз көшеге су жүргіздік. «Рауанға» оң шешім қабылданып жатса, ол міндеттемені мойнымызға аламыз деп осы жерге ресми түрде айтқымыз келеді», – деді бас директордың орынбасары Гүлім Смайылова.
Алайда ауыл белсенділері топ-менеджер айтқан сөздерді жоққа шығарып отыр.
«Рауан» өкілі компьютер алып бердік, жәрдемдесіп жатырмыз дейді. Шындыққа жанаспайды. Ешқандай компьютер алып бермеген. Бірақ 2002 жылы мұқтаж отбасына 300 мың теңге бергенін жасырып қала алмаймыз», – дейді белсенді Сыбанқұлова.
Тұрғындар кәсіпорынның әрі қарай жұмыс істей беруіне қарсы емес.
Дегенмен «Рауан» шипалы су ұңғымасынан айрылып қалуы мүмкін. Өйткені нысанды жалға алу мерзімінің аяқталуына қатысты мәселе сот тәртібімен қаралды. Арызды Түркістан облысының Жер ресурстарын басқару департаменті түсірді.
22 мамырда Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты департаменттің су ұңғымасы үшін берілген жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша талап-арызын қанағаттандырды.
Ал оның алдында – 30 сәуірде, Сарыағаш ауданы әкімдігінің мәліметінше, жұмыс тобы ұңғыманың бір тәулікте шығаратын су көлемін зерделеп, бір күнде 1 650 м3 су өндірілетіндігі анықталған. Ал шын мәнінде «Рауан» компаниясы, әкімдік дерегінше, тәулігіне 283 м3 су қорын бекіткен.
Дегенмен «Рауан» компаниясының өкілдері оны жоққа шығарып, сот шешіміне шағымдануды көздейді.
Сотта жеңген жағдайда, жергілікті билік ұңғыманы Сарыағаш ауданы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беруді жоспарлап отыр. Дегенмен мұндай жағдайды кәсіпорынды сумен қамтамасыз ету тоқтамайды.
1998 жылы құрылған Rauan Group («Рауан» ЖШС) компаниялар тобы ағайынды Нұрлан және Ерлан Омаровтарға теңгей тиесілі. Топ қызметі шипалы су айдаумен ғана шектелмейді. Ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, компания сусын шығаратын «Rauan» және «Aqua Rossa» зауыттары, «Рауан-7» кірпіш зауыты, «Rauan Ranch» отбасылық демалыс аймағы және «Rauan Camel» түйе шаруашылығы сияқты бірнеше ірі кәсіптерді біріктіреді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
4 маусым 2026