Freedom билеттерді қайта сату қызметін іске қосты
Freedom компаниясы Fan2Fan сервисін таныстырып, билеттерді қайта сату нарығына шықты. Платформа пайдаланушылар арасында билеттерді қауіпсіз қайта сатуға арналған. Бастама алыпсатарлардың ретсіз нарығын заңдастыруға, қаржылық алаяқтық қаупін толығымен жоюға бағытталған. Бұл туралы 3 маусымда өткен Freedom Impressions Talk шарасында Freedom Lifestyle Group атқарушы директоры Ерлан Есімсейітов мәлімдеді.
Ерлан Есімсейітов SuperApp қолданбасындағы сервистің жұмыс істеу технологиясын таныстырды. Сатушы сатып алған билетін платформаға шығарады. Сатып алушы көрсетілген соманы төлеп, электронды билетті бірден алады. Ал қаражат іс-шара нақты аяқталғанға дейін ұсталып тұрады. Сатушы төлемді тек шара сәтті өткеннен кейін ғана кепілді түрде алады.
Мұндай механизм сатып алушыларды жасанды билеттерден қорғап, алаяқтық мәселесін түпкілікті шешеді.
Платформаның басты ерекшелігі – қайта сату құнына ешқандай жасанды шектеулердің қойылмауы. Билет иелері оларды үстеме бағамен өткізе алады. Мысалы, танымал шараға билеттер толықтай сатылып кеткен жағдайда, оны номинал құнынан 5–10 есе қымбатқа сатуға болады. Сондай-ақ егер пайдаланушының жоспарлары кенеттен өзгеріп қалса, алғашқы бағасынан арзанға да сата алады.
Баға шегінің болмауы заңнамада қайта сату кезінде үстеме баға қоюға тыйым салынбағанымен түсіндіріледі.
«Бұл – біздің сатып алушыларымыз бен сатушыларымызға арналған нарық алаңы. Егер біз қандай да бір шектеулер қойсақ, пайдаланушыларымыз хабарландыру тақталарына кетіп, қымбатырақ сатуы мүмкін, бірақ сонымен бірге алаяқтарға тап болу қаупі артады. Сондықтан біз әзірге шектеу қоймаймыз, нарықтың өзін қалай ұстайтынын тексеріп, бақылаймыз», – деді Ерлан Есімсейітов «Курсив» басылымына.
Технология алғаш рет «Қайрат» (Алматы) футбол клубының матчтары мен «КешYOU» тобының концертінде сынақтан өтті.
Ерлан Есімсейітовтің айтуынша, «КешYOU» концертінің статистикасы пайдаланушылар қайта сату нарығында 100-ге жуық билетті өткізгенін көрсеткен. Бұл ретте платформадағы максималды үстеме баға номиналды құнынан екі есе деңгейінен аспаған. Билетті сатуға шығару функциясы жүйедегі кез келген белсенді іс-шаралар үшін қолжетімді.
Freedom Lifestyle Group – Freedom Holding Corp. компаниясының еншілес құрылымы, ол экожүйенің қаржылық емес және тұтынушылық сервистерін біріктіреді. Топқа электронды коммерция, саяхат, ойын-сауық, телекоммуникация және онлайн-сервистер саласындағы жобалар кіреді. Бағыттың негізгі міндеті – холдингтің қаржылық өнімдерін толықтыратын, сервистер мен мобильді қолданбалардың бірыңғай кеңістігі арқылы клиенттердің белсенділігін арттыратын цифрлық экожүйені дамыту.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
- Маусым, 03
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
4 маусым 2026