Оқушыларға пышақпен шабуыл жасаған теміржолшы сотталды
Петропавл қаласында 36 жастағы жергілікті тұрғын Виталий Иваненкоға қатысты сот үкімі шықты.
Halyqstan ақпаратына қарағанда, теміржол саласының қызметкері кәмелетке толмағандарға пышақпен шабуыл жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оқиға өткен жылдың қараша айында болған. Ит үйретумен де айналысқан Иваненко Instagram желісіне өз жұмысының видеосын жариялаған. Алайда оның жаттықтыру тәсілдері көпшілікке ұнамай, жазбаның астында сын пікірлер мен жағымсыз комментарийлер пайда болған.
Тергеу мәліметінше, алкоголь ішкен ер адам бұл пікірлерді өз үйінің маңында жиналатын жасөспірімдер жазды деп ойлаған. Осыдан кейін қолына пышақ алып, олармен «есеп айырысуға» шыққан.
Оның құрбаны жылу құбырының үстінде отырған екі мектеп оқушысы болды. Ер адам олардың бірін ұстап алып, құбырға қысып тұншықтыра бастаған. Екінші жасөспірім досын арашалап қалған. Кейін оқушылардың бірі бет тұсынан пышақ жарақатын алғаны анықталған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, зардап шеккен жасөспірімнің беті кесіліп, қолдары мен бетінде көптеген жарақат болған.
Тергеу барысында оқушылардың Иваненкомен мүлде таныс болмағаны және Instagram-дағы пікірлерге ешқандай қатысы жоқ екені белгілі болды.
Сотта айыпталушы жасөспірімге қасақана зиян келтіруді көздемегенін, жарақат кездейсоқ болғанын айтқан. Алайда сот бұл уәждерді қабылдамады.
Ер адамның әрекеті денсаулыққа зиян келтіруге бейімделген затты қолданып жасалған бұзақылық ретінде бағаланды. Нәтижесінде ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кететін жайт, Талдықорғанда 20 жастағы жігітті пышақтап кеткен еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
4 маусым 2026