Freedom Travel 3 млн қонақүйді қамтитын агрегаторды іске қосты
Freedom Travel қонақүй брондау сервисін іске қосты. Жаңа агрегатор базасына бүкіл әлемде 3 миллион орналастыру нысаны енгізілген.
Freedom Travel компаниясының бас директоры Игорь Бойко 3 маусым күні өткен Freedom Impressions Talk барысында жобаның ерекшеліктерін таныстырып, Еуропа нарығына шығу жоспары мен геосаясаттың жаһандық логистикаға әсері туралы айтты.
Игорь Бойконың айтуынша, компания экожүйесінде бұрыннан бар дайын турлардан ерекшелігі – жаңа агрегатор маршруттарын өз бетінше жоспарлайтын саяхатшыларға арналған.
«Бұл – мүлде басқа өнім. Турлар – қонақүй, әуе рейсі және трансфері алдын ала белгіленген толық ұйымдастырылған пакет. Ал қонақүйді жеке брондау қызметінде клиент саяхатын өзі жоспарлайды. Алдымен ұшақ билетін алып, кейін қонақүй таңдайды. Бұл халықаралық платформалардың жұмыс істеу қағидатына ұқсас», – деді ол.
Жаңа өнім әзірге веб-нұсқада қолжетімді. Компания басшысының сөзінше, платформадағы бәсекеге қабілетті бағалар бірнеше артықшылықтың арқасында қалыптасады. Олардың қатарында ерекше серіктестік келісімдер, қосымша кэшбэк, Қазақстан азаматтарына қазақ тіліндегі қолдау қызметі және қонақүйлерді бөліп төлеу мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, Freedom Travel халықаралық нарыққа шығуға қажетті инфрақұрылымды дайындап жатыр. Компанияның алғашқы бағыты – Еуропа. Онда холдинг серіктес қаржы ұйымының базасында туристік сервистер экожүйесін дамытуды көздейді.
Игорь Бойконың айтуынша, Еуропадағы серіктес банк өз экожүйесін дамыту үшін Freedom Travel тәжірибесіне қызығушылық танытқан.
«Еуропада бізге серіктес әрі достық қарым-қатынастағы банк бар. Ол өз экожүйесін дамытуды жоспарлап, біздің тәжірибемізге жүгінді. Қазір біз Freedom Travel брендімен дербес сервис ретінде жұмыс істейміз. Бұл бізге нарықты зерттеуге, серіктестік және клиенттік базаны кеңейтуге мүмкіндік береді. Болашақта Freedom өз экожүйесі мен SuperApp платформасын Еуропаға шығаруға дайын болған кезде, біз ол нарықтың толыққанды ойыншысы болып үлгереміз», – деді Игорь Бойко.
Игорь Бойко геосаяси жағдайдың әлемдік туристік ағындарға да әсер еткенін айтты. Оның сөзінше, жолаушылар тасқыны қайта бөлініп, негізгі транзиттік бағыттар өзгеруде.
Бұрын қазақстандықтар үшін басты халықаралық бағыттардың бірі әрі негізгі транзиттік хаб саналатын Дубайдың орнына қазір сұраныс Азия-Тынық мұхиты өңіріне және басқа да транзиттік қалаларға ауып жатыр.
«Біз Азияға деген қызығушылықтың айтарлықтай артқанын байқап отырмыз. Қазақстандықтар арасында Вьетнам мен Таиландқа сұраныс өсті. Туристік ағын басқа хабтарға қайта бөлінді. Мысалы, бұрын транзит үшін аса танымал болмаған Баку қазір қарқынды түрде танымалдыққа ие болып келеді. Стамбұл да бұрынғыдан да сұранысқа ие болды. Адамдар саяхаттауды тоқтатқан жоқ. Тек басқа бағыттарды таңдай бастады», – деп түйіндеді ол.
Freedom Travel – Freedom Travel экожүйесіне кіретін туристік сервис. Платформа арқылы әуе және теміржол билеттерін, қонақүйлер мен түрлі туристік қызметтерді топтың цифрлық арналары арқылы брондауға болады.
Сервис Freedom экожүйесіндегі банк және бонустық бағдарламалармен біріктірілген. Соның арқасында клиенттер сапар ақысын ыңғайлы төлеп, кэшбэк алып, саяхаттары мен қаржылық қызметтерін бір қосымша арқылы басқара алады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
4 маусым 2026