Шетелдік үміткерлерге тілдік білімін растау үшін үш мүмкіндік беріледі
Павлодар облысында көші-қон саласындағы жағдай тұрақты бақылауда. Жыл басынан бері өңірге 3,4 мыңнан астам шетел азаматы келген. Көші-қон полициясының мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы бес айында облыс аумағына ТМД елдерінен 2863 адам, ал алыс шетел мемлекеттерінен 557 азамат келген. Келгендердің шамамен 2,3 мыңы еңбек қызметімен айналысса, 567 адам отбасымен қауышу мақсатында қоныс аударған.
Сонымен қатар өңірде шетел азаматтарының болу тәртібін бұзу фактілері азайған. Егер өткен кезеңде мұндай құқық бұзушылықтардың саны 789 болса, биыл бұл көрсеткіш 577-ге дейін төмендеген.
Павлодар облысы көші-қон полициясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Кузьменконың айтуынша, Қазақстанда шетел азаматтарының тұрақты тұруға рұқсат алу тәртібіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізілген.
— Бұрын өтініш беруші Қазақстанға келіп, тұрғылықты елінен алынған анықтамамен бірге стандартты құжаттар топтамасын ұсынып, төлем қабілеттілігін растауы жеткілікті болатын. Қазір бұл рәсім толықтай электрондық форматқа көшірілді. Сонымен қатар үміткер отбасының әрбір мүшесіне шаққанда кемінде 85 мың теңге көлеміндегі табысын растауы тиіс. Ал төлем қабілеттілігін дәлелдеу үшін көрсетілетін 1320 айлық есептік көрсеткіш немесе шамамен 5,7 миллион теңге көлеміндегі қаражаттың бес жыл бойы тұрақты сақталуы қажет. Осы мерзім өткеннен кейін шетел азаматы Қазақстан азаматтығын алуға үміткер бола алады, — деді Александр Кузьменко.
Іріктеу рәсімі толық цифрландырылып, электрондық жүйелермен біріктірілген. Өтініш берушілер «Enbek Migration» ақпараттық жүйесі арқылы арнайы сауалнаманы толтырады.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі — мемлекеттік тілді білу деңгейін міндетті түрде тестілеу талаптарының енгізілуі. Үміткерлерге тілдік білімін растау үшін үш мүмкіндік беріледі.
Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер көші-қон бақылауын жетілдіруге, сондай-ақ тұрақты резидент мәртебесін тұрақты табысы бар және Қазақстан қоғамына бейімделуге дайын азаматтарға беруге мүмкіндік жасайды.
Сонымен қатар шетел азаматтарының жекелеген санаттары үшін жеңілдетілген тәртіп қарастырылған. Олардың қатарында инвесторлар, елде сұранысқа ие мамандық иелері, Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар, әрекетке қабілетсіз адамдар, кәмелетке толмағандар (ата-анасының бірі Қазақстанда тұрақты тұратын жағдайда), сондай-ақ бұрынғы отандастар және отбасымен қауышу мақсатында келген 60 жастан асқан азаматтар бар.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
4 маусым 2026