Қуат Хамитов UFC жұлдызы Арман Царукянға қарсы жекпе-жек өткізеді
Қазақстандық танымал ММА файтері, 38 жастағы Қуат «Найман» Хамитов биыл шілде айында UFC жұлдызы, 29 жастағы Арман Царукянмен кездеседі. Қазақстан мен Армения өкілдері арасындағы бұл айтулы текетірес 11 шілдеде Тбилисиде өтетін турнир аясында ұйымдастырылады.
Алайда бұл жекпе-жек ММА ережесімен емес, америкалық элиталық RAF лигасының ережесі бойынша еркін күрестен және орта салмақта өтеді.
UFC-дің жеңіл салмақтағы басты үміткерлерінің бірі Арман Царукян танымалдылығы қарқынды артып келе жатқан RAF лигасында еркін күрестен де бағын сынап тұрады. Қазіргі уақытта бұл ұйымда 5 рет боз кілемге шығып, барлығында жеңіске жеткен. Царукянның тобығынан қаққандардың қатарында PFL-дің экс-чемпионы Лэнс Палмер, UFC-дің бұрынғы үміткері Юрай Фэйбер, сондай-ақ кәсіби балуандар Джорджио Пуллас пен Киллон Джимисон бар.
Қуат Хамитов бұл ұйымда бағын сынайтын үшінші қазақстандық атанбақ. Бұған дейін бұл лигада еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан екі кездесу өткізіп үлгерді. Сондай-ақ жақында ғана UFC-де өнер көрсететін отандасымыз Асу Алмабаевтың да RAF-пен келісімшартқа отырғаны белгілі болған еді.
Айта кетейік, Қуат Хамитов пен Арман Царукян бұған дейін 2025 жылдың соңында ММА ережесі бойынша кездесуді жоспарлаған еді, бірақ ол жекпе-жек белгілі бір себептермен өтпей қалды.
Тбилисидегі RAF турнирінің маңызы өте жоғары. Кештің басты оқиғасында (main event) UFC-дің экс-чемпиондары Мераб Двалишвили мен Генри Сехудо еркін күрестен күш сынасады. Ал оның алдындағы жекпе-жекте Олимпиада чемпиондары Абдулрашид Садулаев пен Кайл Снайдер боз кілемде кездеседі.
RAF (Real Athletic Fights) – ММА шеберлері мен танымал спортшыларды еркін күрес ережесі бойынша кездестіретін америкалық танымал спорт лигасы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еркебұлан Тоқтар америкалық Джейк Полдың бокс лигасында өнер көрсетуі мүмкін екенін жазған едік.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
4 маусым 2026