Таразда екі полицей шетелдіктің қалтасына есірткі салды деген күдікке ілінді
Жамбыл облысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Halyqstan ақпаратына қарағанда, биыл ақпан айында полиция капитандары Г.М. мен А.Е. Тараздағы ойын клубтарының бірінің маңында Өзбекстан азаматы Х.Д.-ны ұстаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, кейін олар шетелдіктің қалтасына есірткі салып, оны жауапкершілікке тартпау үшін 1,5 млн теңге талап еткен көрінеді.
Тергеу мәліметінше, ер адам ақша беруден бас тартқан. Осыдан кейін полицейлер оған есірткінің қай жерде жатқанын көрсетіп, жедел-тергеу тобы келгенге дейін оны есірткі таратқанын мойындауға мәжбүрлеген.
Алғашында Х.Д.-ға қатысты есірткіні заңсыз өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Кейін тексеру барысында полицейлердің әрекеттері де күмән тудырған.
Жақында Тараз прокуратурасынан түскен материалдар Жамбыл облысы бойынша ҰҚК департаментінің өндірісіне берілді. Тергеу Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша жүргізілуде.
Өткен жылдың наурыз айында дәл осы бап бойынша аталған басқарманың басқа да жедел қызметкерлері әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылып, арнайы атақтарынан және өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылған болатын.
Айта кететін жайт, Жамбыл облысы Шу ауданында құмды жерлердегі жабайы қарасора шабылып, оның 71 тоннасы өртелді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
9 шілде 2026