Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Абылайхан Жұбаназар дзюдодан Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды

kz.kursiv.media

Абылайхан Жұбаназар дзюдодан Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды

Қазақстандық дзюдошы Абылайхан Жұбаназар Швейцарияда өткен беделді Grand Slam («Үлкен дулыға») сериясындағы турнирде алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Kursiv.Sport.

81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 26 жастағы қазақстандық спорттық мансабында алғаш рет осы деңгейдегі жарыстың чемпионы атанды.

Шешуші белдесуде Абылайхан Жұбаназар Өзбекстан өкілі Арслонбек Тожиевпен кездесті. Текетіреске толы белдесудің негізгі уақытында спортшылар бір-бір «шидо» ескертуін алып, ұзақ уақыт нәтижелі әрекет жасай алмады. Кездесу тағдыры соңғы секундтарда шешіліп, отандасымыз «юко» ұпайын еншілеп, жеңісті жұлып алды.

Турнир барысында Абылайхан Жұбаназар чехиялық Петр Младыны, украиналық Владислав Колобовты, грузиялық Заур Двалашвилиді және россиялық Егор Сухопаровты қапы қалдырды. Ал жартылай финалда Біріккен Араб Әмірліктерінің намысын қорғайтын Георгий Элбакиевтен басым түсіп, финалға жолдама алған болатын. Айта кетейік, бұл – Абылайханның осы маусымдағы үшінші ірі жүлдесі. Ол ақпан айында Париждегі Grand Slam турнирінде және сәуірдегі Азия чемпионатында қола медаль иеленген еді.

Осы салмақта ел намысын қорғаған Әділет Алмат алғашқы кездесуде Италия балуаны Винченцо Пеллиграны жеңгенімен, келесі кезеңде қола жүлдегер атанған әзербайжандық Омар Раджаблиге есе жіберді. Ал 73 келіде Бақытжан Абдурахманов финн спортшысы Валттери Олинді жеңіп, кейін әлемдік рейтинг көшбасшысы тәжікстандық Мухиддин Асадуллоевтен ұтылды. Осы салмақтағы Аңсарбек Ғайнуллин де алғашқы белдесуінде бельгиялық Рэй Маринкске жол берді.

Әйелдер арасындағы бәсекеде Ажар Асхат (70 кг) германиялық Мириам Буткерейтке, ал Дана Әбдірова (57 кг) ұлыбританиялық Аселья Топракқа есе жіберіп, жарысты ерте аяқтады. Алғашқы жарыс күнінде ерлер арасында Шерзод Давлатов (60 кг) жартылай финалға дейін жетіп, 5-орынды місе тұтса, Ақылжан Жұбатқанов (66 кг) 7-орынға тұрақтады.

Екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында бір алтын медаль бар. Осы нәтижемен отандық дзюдошылар жалпы командалық медальдық есепте бесінші орында келеді.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
31 тамыз 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар