Авиаотын арзандап, дизель қымбаттады: күзде жанар-жанармай бағасы қандай болады
Күзгі жиын-терімге дайындық, мұнай өңдеу зауыттары жоспарының ауысуы мен сыртқы импорттың қысымы жаз соңында отын нарығын әжептәуір өзгертті. Күзгі салқынмен бірге жанар-жағармай бағасы қалай құбылмақ? Осы ретте RV-Oil&Gas сарапшылары отын нарығына қатысты болжамын жариялады.
Соңғы екі аптада ТС/РТ маркалы авиакеросин бағасы айтарлықтай төмендеді. Тамыздың басында тоннасы 860 мың теңге (ҚҚС-пен) төңірегінде болса, қазір 750 мың теңгеге дейін арзандады. Екі аптада 110 мың теңгеге арзандаған. Басты себеп- ішкі нарықта отын қоры тым көп. Жаз бойы елге ірі көлемде импорттық отын, соның ішінде Грузия порттары арқылы еуропалық Jet A-1 жеткізілді.
Ірі тұтынушылар отынды жеткілікті түрде жинап алғандықтан, қазір сақтау қоймаларында бос орын тапшы. Бұл ретте баға дисбалансы қалыптасты: ішкі нарықтағы 750 мың теңгелік баға (ҚҚС-сыз шамамен 646 мың ₸) шекарадағы жаңа импортпен салыстырғанда әлдеқайда арзан.
Шекарадағы импорттық керосин ҚҚС-сыз тоннасына 1,5 мың доллар немесе 810 мың теңге маңайында тұр. Яғни, ішкі ресурс жаңа импортқа қарағанда тоннасына 165 мың теңгеге немесе 20%-ға дерлік арзандады.
Тамызда дизель отынына сұраныс артып, баға өсті. Әсіресе Павлодар мұнай-химия зауытының (ПМХЗ) өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Бұған егін жинау науқаны мен қыркүйекте зауыт жөндеуге жабылады деген болжам себеп еді.
Тамызда Павлодар дизелінің бағасы ҚҚС-пен 375 мың ₸/т дейін көтерілді. Дегенмен, ПМХЗ-ны жоспарлы жөндеу 2027 жылға шегеріліп, күзгі тапшылық қаупін сейілтті. Соған қарамастан, ресейлік импорт әлі де қымбат: шекарадан салықсыз тоннасына 1,5 тыс. доллар құнымен өтіп жатыр.
Аи-95 бензині нарығы Аи-92-ге қарағанда тар, еркін өнім көлемі аз. Тамыздың аяғында Шымкент және Павлодар зауыттарынан шығатын Аи-95 бағасының жоғарғы шегі тоннасына 345 мың теңге (зауыттағы ҚҚС-пен) маңайында болды. Бұл ретте Атырау зауытының өнімі тоннасына 310 мың теңге төңірегінде қалыптасты.
Аи-92 маркалы бензин бойынша жағдай сабырлы. Ішкі ресурс көлемі жеткілікті, айтарлықтай тапшылық байқалмайды. Шымкент пен Павлодар зауыттарында баға болжамы — тоннасына 280 мың теңге (ҚҚС-пен), ал Атырауда 250 мың теңге шамасында. Экспортқа кетеді деп жоспарланған отынның бір бөлігі әзірге ішкі нарықта қалып жатыр.
Жол құрылысының қарқын алуы битум бағасы өсуін жалғастыруда. Тамыз айында елдің оңтүстігінде нарықтық баға тоннасына 260-265 мың теңге (ҚҚС-пен) аралығында болса, Павлодарда 240-245 мың теңге деңгейінде белгіленді. Жалпы, битум жаздың басынан бері тұрақты өсім көрсетіп келе жатқан санаулы өнімнің бірі.
Жалпы, Қазақстан алдағы уақытта мұнай өңдеуді 2 есеге ұлғайтуды көздейді. Қазір елде жылына өндірілетін 100 млн тонна мұнайдың 19 млн тоннасы ғана өңделеді. 2033 жылға қарай бұл көрсеткішті 40 млн тоннаға жеткізіп, сапалы отын экспортын арттыру жоспарланған.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Тамыз, 30
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
31 тамыз 2026