21 қазаннан автосақтандыру төлемі тек банк есепшотына түседі
Қазақстанда көлік иелеріне төленетін сақтандыру өтемақысын беру тәртібі өзгереді. 21 қазаннан міндетті автосақтандыру бойынша төлемдер қолма-қол ақшалай берілмейді. Қаржы бірден сақтанушының банктегі есепшотына аударылады.
Ақша аудару және оны есепшотқа отырғызу шығындарын сақтандыру компаниялары өз мойнына алады. Яғни азаматтар ешқандай банк комиссиясын төлемейді, өтемақыны толық көлемде алады. Мұндай түзетулер міндетті автосақтандыру туралы заңға ресми түрде енгізілді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, жаңа жүйе төлемдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, ақшаның тікелей иесіне жеткізілуін қатаң бақылауға мүмкіндік бермек.
«Бұл реформалар сақтандыру төлемдерінің ашықтығын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және Қазақстанның сақтандыру нарығында цифрлық сервистерді одан әрі дамытуға бағытталған», – делінген хабарламада.
Алдағы уақытта міндетті автосақтандыру жүйесі түбегейлі өзгереді. Сақтандыру полисінің құны жүргізушінің жеке тәуекел деңгейіне қарай белгіленеді. Жол ережесін жиі бұзатын, жол-көлік оқиғасына ұшырайтын және агрессивті айдау стилі бар жүргізушілер үшін сақтандыру бағасы қымбаттайды.
Реттеушінің дерегі бойынша, 2021–2025 жылдары міндетті автосақтандыру бойынша жиналған сыйақы көлемі 44%-ға (82 млрд-тан 118 млрд теңгеге) өскен. Алайда сақтандыру төлемдерінің көлемі бірден 179%-ға артып, 38 млрд-тан 106 млрд теңгеге бірақ шықты. Шығын коэффициенті 51%-дан 106,8%-ға дейін күрт көтерілді.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Тамыз, 30
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
31 тамыз 2026