Азат Перуашев өзін сексуалды қысым үшін айыптаған әйелді сотқа бермек
«Ақ жол» партиясының бұрынғы қызметкері деп таныстырған әйел Азат Перуашевты сексуалды қысым үшін айыптады, деп хабарлайды Kursiv.media.
NEGE ақпаратына қарағанда, саясаткер мұның бәрін жоққа шығарып, беделін қорғау үшін құқық қорғау органдарына жүгінетінін мәлімдеген.
Әңгіме кейіпкерінің әлеуметтік желіде жазуынша, ол «Ақ жол» партиясында 2022 жылдан бері жұмыс істеген. Оның сөзінше, 2024 жылы Перуашев оған жеке сипаттағы ишаралар жасай бастап, кейін оның келісімінсіз қол тигізген. Әйел жұмыстан тыс кездесуге барудан бас тартқаннан кейін, оған тапсырмалар мен жұмыстан тыс уақыттағы жұмыс көлемі көбейгенін алға тартады. Кейін, әйелдің айтуынша, ол Перуашевпен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүр болған-мыс.
Бұрынғы қызметкер партияда осындай жағдайлар туралы басқа әйелдердің де айтқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, 2026 жылдың көктемінде қызметкерлердің бірі жүкті болғаннан кейін, «Ақ жолда» «дүрбелең» басталған. Ол партия төрағасының ауысуын осы оқиғамен байланыстырады.
Азат Перуашев барлық айыптауларды жоққа шығарды. Оның айтуынша, материалға сілтемені 10-15 минут ішінде 20-дан астам белгісіз нөмірден алған.
«Мұндай арандатушылықтардың толықтай жалған әрі негізсіз екенін ресми түрде мәлімдеймін», – деп жазды ол.
Перуашев ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы арызбен құқық қорғау органдарына жүгінуді, сондай-ақ жарияланым авторларын жауапкершілікке тартуды талап ететінін мәлімдеді.
Айта кететін жайт, Азат Перуашев «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасы қызметінен кетіп, орнына Дания Еспаева тағайындалған еді. Бұл шешім партия ішінде шамамен жарты жыл бойы талқыланған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
23 қыркүйек 2026