Бурабай көліне 150 мың ақ амур балығы жіберіледі
Бурабай көлінде 2027 жылдан бастап «экологиялық тыныштық» режимі енгізілуі мүмкін. Көлдің экожүйесін қалпына келтіру үшін биыл күзде оған 150 мың ақ амур шабағы жіберіледі. Қазір табиғи аумақты жаңа режимге дайындау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Kursiv.media 716.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық парк әкімшілігі бұл шараның негізгі мақсаты – көлге түсетін экологиялық жүктемені азайтып, экожүйенің табиғи жолмен қалпына келуіне мүмкіндік беру екенін атап өтті.
Алғашқы шаралардың бірі – көлге ақ амур балығын жіберу. Оның алғашқы кезеңі 22 қыркүйекте өтті, екінші кезеңі 5 қазанға жоспарланған.
Көлді қалпына келтіру қажеттігін ғылыми зерттеулер де көрсетіп отыр.
Мамандар негізгі проблемалардың бірі ретінде балдырлардың шамадан тыс көбейіп кетуін атап отыр. Олар қырылғаннан кейін ыдырап, судағы еріген оттегіні көп мөлшерде тұтынады. Бұл мәселе әсіресе қыста, көлді мұз басып, табиғи газ алмасу шектелген кезде күшейеді.
«Ақ амурды таңдауымыздың өзіндік себебі бар. Ол су өсімдіктерімен қоректенеді және олардың шамадан тыс өсуін табиғи жолмен тежеуге көмектеседі. Біздің мақсатымыз – көлді өсімдіктерден толық тазарту емес, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру», – деді «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инженер-ихтиологы Сергей Кучеренко.
Балық жіберілгеннен кейін көлдің жағдайын мамандар тұрақты түрде бақылап отырады. 2027 жылы және одан кейінгі жылдары олар судың сапасын, су өсімдіктері мен микроағзалардың жағдайын зерттеуді жалғастырады. Қыс мезгілінде судағы оттегі деңгейіне ерекше назар аударылады.
Жиналған мәліметтер экожүйенің қалай өзгеріп жатқанын бағалауға және қосымша шаралардың қажет-қажет еместігін анықтауға мүмкіндік береді.
Бақылау кезеңінде көлде әуесқой және спорттық балық аулауға уақытша рұқсат берілмейді.
Тағы да оқыңыз: Бурабайда Көкшетау мен Бөлектау тауларына шығуға уақытша шектеу қойылды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
23 қыркүйек 2026