Жалған диплом сататын сайттар анықталды
Қазақстанда 46 жалған диплом және оларды заңсыз жасаумен әрі сатумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталды. Бұл фактілер бойынша материалдар ІІМ мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне берілді, деп хабарлайды Prg.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлауынша, соңғы уақытта желіде жалған дипломдарды сату туралы ақпарат белсенді түрде тарап жатыр. Құжаттардың заңсыз айналымының алдын алу үшін ведомство 1991 жылдан бері берілген дипломдардың деректер базасын құрды.
Министрлік жоғары білім туралы дипломар бірегей нөмір мен QR-код бере отырып, арнайы модуль арқылы қалыптасатынын еске салды. Жүйеге тек ЖОО-лардың уәкілетті қызметкерлері ғана қол жеткізе алады.
Бұл ретте дипломдарды генерациялау «Бірыңғай жоғары білім беру платформасы» ақпараттық жүйесінде қамтылған білім алушылар туралы мәліметтер негізінде жүзеге асырылады. Егер жүйеде түлек туралы мәліметтер болмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес.
Ведомствода бірегей нөмірі мен QR-коды жоқ меншікті үлгідегі құжаттар жарамсыз деп есептелетінін атап өтті.
«Бүгінгі таңда 46 жалған диплом және оларды заңсыз жасаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталды. Материалдар ІІМ мен МКИ-ге берілді», – делінген Prg.kz сайтында жарияланған ақпаратта.
Ресми деректер бойынша, жалған құжаттарды қолдан жасау немесе пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес, құқық бұзушыларға айыппұл, түзеу жұмыстары, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру қаупі төнеді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
4 тамыз 2026