БҰҰ комиссиясы: Израиль палестиналық балаларды әдейі қырған
БҰҰ зерттеуі анықтағандай, Израиль әдейі палестиналық балаларға қарсы соққы жасап отырған. Газа секторындағы соғыста қаза тапқандардың 30%-ы – балалар.
Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы комиссиясы Израиль Батыс жағалауда адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген тұжырымға келді. Сейсенбі күні жарияланған баяндама мазмұнымен Reuters танысып шықты.
Израиль билігі мен қауіпсіздік күштері палестиналық балаларды әдейі қудалап, тұтас бір ұлтты геноцидке ұшыратқан, Батыс жағалауда адамзатқа қарсы қылмыс жасаған, делінген баяндамада. Зерттеуде Газа секторындағы соғыста қаза тапқандардың 30%-ы балалар екені айтылған.
Халықаралық комиссияның былтыр қыркүйекте жариялаған баяндамасында Израиль геноцид жасағаны айтылып, премьер-министр Биньямин Нетаньяху және басқа да лауазым иелері сыналған. Сол кезде Тель-Авив зерттеуді «комиссияның кезекті өтірігі» деп сипаттаған.
БҰҰ комиссиясы Израиль күштері 2025 жылғы қазанда атысты доғару туралы келісімнен кейін де палестиналық балаларды шабуылдап, өлтіруін доғармады деп отыр.
«Израиль қауіпсіздік күштерінің палестиналық балаларды нысанаға алып, өлтіргеніне дәлел көп», – леп мәлімдеді комиссия төрағасы Сринивасан Муралидхар.
Комиссия мәліметінше, 2023 жылғы 7 қазаннан 2025 жылғы 7 қазанға дейінгі аралықта кем дегенде 20 179 бала қаза тапқан. Бұл Газада бұған дейінгі жалдардағы адам шығынынан көп. Оның үстіне бұл жолы қарулы жанжалда қаза тапқандар арасындағы балалар үлесі де артып отыр – 30%. 2008-2009 және 2014 жылғы жанжалдарда мұндай көрсеткіш 24% болған.
Балалардың көп қырылып жатқанына қарамастан, Израиль әскері халық тығыз орналасқан аудандарды радиусы кең қаруларды атқылауды доғармаған.
«Осының өзі көп бала қырылған соққылардың әдейі жасалғанын көрсетеді», – деп есептейді комиссиядағылар.
Баяндамада айтылғандай, Израиль қауіпсіздік күштері қарапайым азаматтарды ХАМАС және басқа да қарулы топтармен байланысы бар деп қабылдағандықтан, жаппай шабуылдардың нысанына балалар да іліккен.
Муралидхардың мәлімдеуінше, балалардың ізіне түскен Израиль Палестина халқының тіршілік ету және болашағын анықтау мүмкіндігін төмендеткен.
Газа секторын қалпына келтіруге миллиардтаған қаражат қажет. Тараптар «соғыс аяқталды» деп мәлімдегеніне қарамастан, аймақтағы жағдай шиеленісіп тұр. Себебі тамыры тереңде жатқан Израиль-Палестина жанжалы саяси тұрғыда толық шешілген жоқ.
- Соңғы
-
-
-
- Маусым, 22
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
23 маусым 2026