ҚазҰУ ректораты мен Ұлттық банк тарихи ескерткіштер тізіміне енуі мүмкін
Алматыдағы Satbayev University бас ғимараты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректораты және Ұлттық банк ғимараты жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері қатарына қосылуы мүмкін. Қазір қаладағы тарихи құндылығы бар 27 нысанды арнайы комиссия зерттеп жатыр деп жазады Kursiv Media.
Зерттеуге алынған нысандардың қатарында Абылай хан даңғылындағы бұрынғы Үкімет үйі, Орталық мәдениет және демалыс саябағының аркасы, Орталық әмбебап дүкеннің ескі ғимараты, Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі, Геология ғылымдары институты және Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы бар.
Сондай-ақ тізімге Киров атындағы зауыттың тұрғын үйлері, Нұрғиса Тілендиев пен Дінмұхамед Қонаевтың мемориалдық музейлері, «Атакент» көрме орталығының кіреберіс аркасы және Республика алаңы енгізілген.
Арнайы комиссия ғимараттардың тарихи, сәулеттік және мәдени құндылығын, сондай-ақ қазіргі жағдайын бағалайды. Зерттеу қорытындысы бойынша оларды жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізу туралы ұсыныс жасалады.
Қазір Алматыда мемлекет қорғауына алынған 160 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Оның 34-і республикалық, 126-сы жергілікті маңызға ие. Ескерткіштердің басым бөлігі Медеу және Алмалы аудандарында орналасқан. Атап айтқанда, Медеу ауданында – 65, Алмалы ауданында 50 тарихи нысан бар.
Тарихи ғимараттарды сақтау мақсатында олардың айналасында арнайы қорғау аймақтары белгіленеді. Бұл аумақтарда құрылыс жүргізуге шектеулер қойылып, ескерткіштердің тарихи келбетін сақтауға жағдай жасалады.
Оқи отырыңыз:
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қараша 2026