Ақтауда облыстық балалар ауруханасында дәрігерге шабуыл жасалды
Ақтауда облыстық балалар ауруханасына келген ер адам баланы ауруханаға жатқызудан бас тартқан балалар хирургіне шабуыл жасады деп жазады Kursiv Media.
Аурухана мәліметінше, науқас баланың әкесі дәрігердің тексеру нәтижесімен келіспеген. Хирург балаға қажетті медициналық тексерулерді жүргізеді. Алайда медициналық көрсетілім болмағандықтан, ауруханаға жатқызу керек емес екенін айтады.
Бірақ ер адам оған келіспей, үстелді теуіп, хирургтің жағасынан алып, мойнынан қылқындыра бастаған. Сол жерде болған адамдар шабуылдаушыны дәрігерден ажыратып алады.
Жанжал сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде де тарады. Оқиғаның куәсі болған әйел әлеуметтік желіде жанжалға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, күйеуі де басқа келушілермен бірге төбелесіп жатқандарды ажыратуға көмектескен.
«Мен кез келген зорлық-зомбылыққа қарсымын. Әсіресе адамдар көмек сұрап келетін медициналық мекемеде мұндай жағдайдың болғаны өкінішті», – деп жазды ол.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Ал шабуылға ұшыраған балалар хирургі оқиғадан кейінгі күні жұмысқа қайта оралып, кезекшілікке шыққан.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қараша 2026