«Халықтық құрылыс» тұтас елді, барлық қала мен ауданды қамтиды - Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси реформалар, ауқымды инфрақұрылымдық жобалар мен отандық өнеркәсіпті дамыту мәселелеріне тоқталды. Президент жасанды интеллект дәуіріне бейімделу және ел ішіндегі тұрақтылықты сақтаудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Kursiv Media.
Жиында еліміздің саяси жүйесінің берік құрылымы қалыптасқаны айтылды. Мемлекет басшысы жаңа жаһандық сын-қатерлерге қатысты ойын жеткізді.
«Қазақстан пайдасымен қоса кемшілігі, тіпті тіршілікке қатер де төндіретін Жасанды интеллект үстемдік құратын жаңа әлемге ойдағыдай бейімделу үшін тыңғылықты дайындалуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент алдағы кезеңде елімізде ауқымды құрылыс жұмыстары басталатынын атап өтті. Келесі жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болып жарияланып, бұл бағытқа 6,5 триллион теңге бөлінеді. Жаңа жобалар еліміздің барлық өңірін қамтып, ұрпаққа сапалы әлеуметтік инфрақұрылым аманат етілмек.
Сонымен қатар реформаларды табысты жалғастыру үшін қоғамда тыныштық пен тәртіптің болуы маңызды екені айтылды.
«Халық мүддесі жолындағы реформаларды табысты жалғастыру үшін ел ішінде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы қажет. Қазақстанға жамандық тілеп, іс-әрекеті арқылы зиян келтіруге тырысатын кез келген адам «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес жауапқа тартылуға тиіс әрі солай болады», – деді Тоқаев.
Жиын барысында Qarmet комбинатының өндірістік әлеуеті «Халықтық құрылыста» маңызды рөл атқаратыны айрықша атап өтілді. Президент еңбек адамының мәртебесі әрдайым биік болатынын жеткізіп, өнеркәсіпті дамытуға үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.
«Біз сіздерді әрдайым қолдаймыз. Сондықтан мен еліміздің индустриясы мен өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ, мемлекет шағын бизнесті қолдау мақсатында алдағы үш жылда тексерістерден босату секілді бірқатар тиімді шаралар қабылдайтыны еске салынды.
Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауға жұмыс сапары барысында «Qarmet» акционерлік қоғамының ұжымымен және кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізген еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қараша 2026