Жаңа қоғамдық этика: Беттен сүйіп амандасу қазаққа қайдан келді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтай сайлауының алдында айтқан бір ауыз сөзі қоғамда қызу талқыға түсті. Президент азаматтардың бір-бірін құшақтап, беттен сүйіп амандасуын «қазақ мәдениетіне жат қасиет» деп айтқан еді. Бұл президенттің бұған дейін бірнеше рет көтерілген «жаңа қоғамдық этика» мен «ұлттық болмысты» қайта жаңғырту туралы идеологиялық ойдың жалғасы еді.
Көшеде кездесе қалған таныстардың құшақтасып, бір-бірінің бетінен екі-үш рет сүюі қайдан шықты? Оның тарихи және әлеуметтік бірнеше себебі бар:
ХХ ғасырдағы жаппай қалаласу процесі қазақ қоғамының мінез-құлқын өзгертті. Ресейлік және кеңестік ортада әйелдердің бір-біріне бет тигізіп амандасуы, ал ерлердің ресми кездесулерде құшақтасып сүйісуі (Брежневтік дипломатиялық этикет) қалыпты еді.
Негізінде, еуропалық және жұмысшы табы қозғалыстарында серіктестердің бір-бірін құшақтап, беттен сүюі ортақ ынтымақтастықтың белгісі саналған. Алайда, оны мемлекеттік протокол деңгейіне көтеріп, өзіндік сәнге айналдырған – КСРО бас хатшысы Леонид Брежнев. Оның тұсында бұл әрекет социалистік лагерьдегі мемлекет басшыларының арасындағы мызғымас одақ пен бауырластықтың ең жоғары көрінісіне айналды.
ГДР-дің 30 жылдығында Брежнев пен Эрих Хонеккердің еріннен сүйіскен сәті бүкіл әлемдік БАҚ-ты айналып өтті. Кейіннен суретші Дмитрий Врубель осы кадрды Берлин қабырғасына граффити етіп салып, қойған. Бұл сурет қырғи-қабақ соғыс дәуірінің ең танымал поп-мәдени символдарының біріне айналды.
Брежневтің сүйісуінің өзіндік қатаң форматы болды, оны көбіне «Брежневтік үштік» (Тройной Брежнев) деп атаған:
Алдымен серіктестің сол жақ бетінен сүю. Сосын оң жақ бетінен сүю. Егер екі ел арасындағы қарым-қатынас өте тығыз және достық деңгейде болса – үшінші рет еріннен сүю.
Кейбір шет мемлекеттердің басшылары бұл «шабуылдан» дипломатиялық айлалар арқылы қашып құтылуға тырысқан. Мысалы, Куба көшбасшысы Фидель Кастро Мәскеуге ұшып келгенде ұшақтан аузына темекі тістеп түскен деседі. Бұл Брежневке оны ернінен сүюге мүмкіндік бермеудің қулығы еді.
Мемлекеттің ең бірінші адамы теледидардан күн сайын басқаларды құшақтап, бетінен немесе ернінен сүйіп жатқанын көрген кеңестік номенклатура (партия шенеуніктері) бұл әдетті жылдам көшіріп алды.
Бұл үрдіс бірте-бірте қарапайым халықтың да күнделікті амандасу мәдениетіне сіңіп кетті. Осылайша, бұрын тек қол беріп немесе сөзбен амандасатын қазақ қоғамында да туыстар, достар және әріптестер арасында кездескенде беттен сүю (тіпті ер адамдар арасында да құшақтасып, бет тигізу) қалыпты жағдайға айнала бастады.
Бүгінгі таңда екі адамның кездесе сала бір-бірінің бетінен сүйіп амандасуының тамыры кеңестік кезеңде ғана емес, тікелей жаһандану үдерісінде де жатқанын көреміз. Еуропада, әсіресе Францияда «La bise» (ла биз) – адамдардың бір-бірінің екі немесе үш рет бетінен сүйіп (кейде тек бетті бетке тигізіп, сүйгендей дыбыс шығарып) амандасуы ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр. Олар үшін бұл қарапайым әлеуметтік қарым-қатынас формасы, яғни «достық пейілдің» көрінісі.
Кеңестік цензура жойылғаннан кейін қазақстандық көрермендердің экрандарын шетелдік сериалдар, әсіресе Латын Америкасының теленовеллалары мен Батыс Еуропа, Голливуд фильмдері жаулап алды. Теледидардан күн сайын сәнді киінген, еркін, табысты кейіпкерлердің бір-бірімен күлімдеп, екі бетінен кезек-кезек сүйіп амандасқанын көрген ұрпақ өсті. Экрандағы бұл бейне бейсаналы түрде «өркениеттің, заманауилықтың және жоғары таптың белгісі» ретінде қабылданды.
Осылайша, еліктеушілік басталды. Әсіресе қалалық ортадағы жастар, қыз-келіншектер мен зиялы қауым өкілдері дәстүрлі ұстамдылықты «ескіліктің қалдығы немесе ауылбайшылық» деп санап, батыстық «La bise» форматын сәнге айналдырды. Достармен кездескенде, қонаққа барғанда құшақтасып, беттен сүю ашықтықтың, мәдениеттілік пен жақындықтың өлшеміне айналып кетті.
Ұлы отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлының келіні, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші Зейнеп Ахметова қазақта «беттен шөп-шөп сүю» деген болмағанын жиі айтады.
«Қазақ адамның бетінен, аузынан сүймеген. Біздің ата-бабамыз баланы жақсы көргенде тек маңдайынан, шүйдесінен терең тыныс алып иіскеген. «Иісіңнен айналайын» деген сөз содан қалған. Өйткені адамның тыныс жолдары, ауыз қуысы – ол тек өзіне ғана тән дүние. Көшеде кездескен адаммен сүйісе кету – қазақтың табиғаты түгілі, тазалық (гигиена) ұғымына да қайшы», – дейді Зейнеп Ахметова.
Қазақтың шынайы амандасу мәдениетінің өзегінде артық эмоцияға салынбау, жеке шекараны қатаң сақтау және соған қарамастан ішкі ниеттің тазалығын білдіру жатыр. Ата-бабаларымыз әрбір қимылға, әрбір жанасуға үлкен философиялық жүк артқан. Мәселен, қазақта құшақтасудың ең жоғары формасы саналатын төс қағысу дәстүрі көшеде кездескен кез келген таныспен жасала бермейтін өте маңызды рәсім болған. Қазірде оның ең жарқын көрінісін құдалық кезінен байқауға болады. Екі жақ келісімге келіп, қос шаңырақтың ортасында жаңа туыстық қатынас орнаған сәтте құдалар ортаға шығып төс қағыстырады. Бұл жай ғана құшақтасу емес, «екі жүрек бірдей соқсын, ортамызда ешқандай кірбің қалмады, төсіміз түйісті – бір туыс болдық» деген ішкі серт пен келісімнің мөрі. Бұл жерде ешқандай беттен сүю жоқ, тек ер-азаматтарға тән мығым қайрат пен адал пейіл ғана көрініс табады.
Ал жалпы халықтық деңгейдегі ең үлкен амандасу дәстүріміз тікелей табиғатпен және уақытпен байланысты. Наурыз айының ортасында қыстың ызғарынан аман-есен шыққан халық Көрісу (немесе Амал) мейрамын атап өтеді. Бұл күні адамдар бір-бірін арнайы іздеп барып, қос қолдап амандасып, амандық сұрасады, арадағы өкпе-ренішті кешіреді. Бірақ бұл мерекенің өзінде жұрт бір-бірінің бетінен жаппай сүйіспеген, керісінше ағайын-туыс құшақ айқастырып, ұзақ ғұмыр, жақсылық тілескен. Көрісу – жыл мезгілінің ауысуымен келетін үлкен сағыныш пен шүкіршіліктің белгісі болса, күнделікті тұрмыста адамдар арасында мұндай тығыз жанасу, орынсыз құшақтасу мүлде қалыпты саналмаған.
Осы бекзат мәдениеттің ішіне үлкендердің кішіге көрсететін мейірімі де үндесіп жатыр. Ата-әжелеріміз перзентін немесе немересін жақсы көргенде бетіне ерін тигізіп сүймеген, керісінше маңдайынан немесе шүйдесінен терең тыныс алып иіскеген. Сонымен қатар, жас келіндердің әулет үлкендеріне басын иіп, сәлем салуы да осы ұлттық кодтың ажырамас бір бөлшегі. Осының бәрін тұтастай алғанда, қазақтың генінде, табиғатында орынсыз физикалық тиісудің жоқ екенін, оның орнын терең субординация мен биік адамгершілік құрмет басатынын көреміз. Президент айтып отырған жаңа қоғамдық этика да дәл осы тамырымызға қайта оралып, жат әдеттен арылуды көздейді.
Оқи отырыңыз: Тоқаев бір-бірін сүйіп амандасатындарды сынға алды
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
25 тамыз 2026