Kokzhiek City-дегі ажал: Бес баланың әкесі миллионердің құрылысында қаза тапты
16 тамызда кешке Алматы қаласы Көкжиек ықшам ауданындағы құрылыс нысаны аумағында оқыс оқиға болды. Кешқұрым Бақытжан Нақыпбековтің сақтандыру белдігі үзіліп, өндірістегі ауыр жарақат салдарынан ауруханада жан тапсырды. Марқұмның артында кәмелет жасқа толмаған бес баласы қалды. Құрылыс нысаны Forbes тізіміндегі миллионерге тиесілі.
47 жастағы Бақытжанның құрылыс басында биіктен құлағаны туралы суыт хабарды Нақыпбековтер отбасы жексенбінің кешінде естіді. Күйеуінің қалін білмек болған Гүлзада Баратбаева бес баласын туыстарына тапсыра сала №4 қалалық клиникалық ауруханаға қарай ұшты.
Әріптестерінің айтуынша, Kokjiek City тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізген Бақытжан үшінші қабаттан жертөленің бетондалған еденіне құлаған. Оның сақтандыру белдігі үзіліп кеткен.
Нақыпбеков ауруханаға кешкі сағат 19:30-да түссе, сағат 22:05-те өндірісте алған ауыр жарақат салдарынан жан тапсырған. Дәрігерлердің айтуынша, марқұмның алты қабырғасы сынған, жамбас сүйегі мүжілген, жұлыны үзілген, ағзаның ішкі мүшелері қатты зақымданған.
Бақытжан Нақыпбеков 18 тамызда туған жері – Түркістан облысы Абай ауылында жерленді. Марқұмның артында кәмелет жасқа толмаған бес бала қалды. Олардың ең кенжесі 1 жастан енді ғана асса, үлкені бар болғаны 11 жаста.
35 жасында жесір қалған Гүлзада елдің оңтүстігіндегі азалы ғұрыптарды атқарып, Алматыға 21 тамызда ғана қайтып оралды. Қазаға қатысты істің мән-жайын білмек болып, Жетісу аудандық полициясына барған. Алайда жәбірленуші тараппен жұманың кешінде ғана кездесуге уақыт тапқан қызметкер қылмыстық істің Алматы қалалық департаментіне ауысып жатқанынан басқа ештеңе айта алмаған.
Гүлзада өндірістегі қазаға қатысты тергеу барысы қалай жүріп жатқанын, еңбек инспекторлары оқиға орнын тексеріп, арнайы комиссия құрған-құрмағанын білгісі келеді. Бұған қоса, ана жетім қалған бес баланың мүддесін қорғайтын мемлекеттік адвокат тағайындалғанын қалайды.
Үлкен отбасының жалғыз асыраушысынан айрылған Гүлзада балаларды бақшаға беріп, қайтадан жұмысқа шығуды көздеп отыр. Ол – қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.
«Күйеуімнің табысына күніміз қарап отыр еді. Бақытжан көп жұмыс істейтін. Мен кішентай балалармен үйдемін. Амалсыз жұмысқа шығуға тура келеді. Марқұм күйеуімнің тұрмыс қажеті үшін алған 5 млн теңгеге жуық несиесі бар. Қаза бәрімізге ауыр тиді», – дейді Гүлзада Баратбаева.
Қайғылы оқиға «Kokzhiek City» тұрғын үй кешенінің құрылыс аумағында болды. Нысан Жетісу ауданындағы Жолымбет көшесі, 65 мекенжайында орналасқан. Тоғыз қабатты тұрғын үй құрылысын Time Group Construction холдингі жүргізеді.
eGov мәліметінше, 2018 жылғы маусымда құрылған компания 2025 жылғы наурызда қайта тіркелген. Холдингтің екі құрылтайшысы: Жамол Шабанов пен Хакан Касанов. Құрылыс компаниясының бірінші басшысы – Алтай Шарабаев.
Холдинг тұрғын үйлерді сатып алу және сатумен, жылжымайтын мүлікті жалдау және басқарумен айналысады.
Айта кетейік, ағайынды Зиятдин және Усейн Касановтар Forbes-тің дәулеттілер тізіміне енген. 2019 жылғы ресми рейтингте олардың ортақ капиталы 140 млн долларға бағаланып, Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің қатарынан көрінген. Әулет бес жұлдызды «Қазақстан» қонақүйін, «Orhun Medical» клиникалар желісін және Ыстанбұлдың қақ ортасындағы зәулім «InterContinental Istanbul» кешенін иеленеді.
Зиятдин Касанов «Ахыска» түрік этномәдени орталығының президенті болса, оның туған інісі Усеин Касанов осы ұйымның Алматы қалалық филиалын басқарады.
Kursiv.Media құрылыс алаңындағы қайғылы оқиғаға қатысты сауалдарды Алматы қалалық полициясына жолдады. Мақала жарияланған уақытта ресми жауап түсіп үлгермеді.
2026 жылдың басынан бері мегаполистің Жетісу ауданында 21 өндірістік оқиға тіркеліп, соның салдарынан 27 қызметкер зардап шеккен. Төрт адам қаза тапқан.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
- Тамыз, 23
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
24 тамыз 2026