Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Қазақстанда жұмыс іздеудің тиімді жолдары: Өзіңді дұрыс таныстыру маңызды

kz.otyrar.kz

Қазақстанда жұмыс іздеудің тиімді жолдары: Өзіңді дұрыс таныстыру маңызды

Қазіргі еңбек нарығында жақсы жұмыс табу үшін тек бос жұмыс орындарын қарап, өтініш жіберу жеткіліксіз. Жұмыс берушіге өз біліміңізді, тәжірибеңізді және қабілетіңізді дұрыс көрсете білу де маңызды. Әсіресе бәсекелестік жоғары салаларда бір қызмет орнына бірнеше үміткер таласуы мүмкін. Сондықтан жұмыс іздеу барысында нақты жоспар құрып, өзіңізді кәсіби тұрғыда таныстыруға мән берген жөн.

Жұмысты қайдан іздеген дұрыс?

Қазақстанда жұмыс іздеуге мүмкіндік беретін түрлі платформалар бар. Солардың бірі – Enbek.kz электрондық еңбек биржасы. Порталда еліміздің әр өңіріндегі бос жұмыс орындары, жұмыс іздеушілерге арналған мүмкіндіктер және жұмыспен қамтуға қатысты ақпараттар ұсынылады. Үміткер өз мамандығына, өңіріне және жұмыс түріне қарай бос орындарды таңдап, жұмыс берушілердің талаптарымен таныса алады. Одан бөлек Kaspi Жұмыс, HeadHunter (hh.kz) секілді сервистерді жатқызуға болады. Сонымен қатар, LinkedIn, OLX сияқты платформалардан да түрлі бағыттағы бос жұмыс орындарын кездестіруге болады. Әр платформаның өзіндік ерекшелігі бар: кейбірінде тұрақты жұмыс орындары көп болса, енді бірінде қашықтан жұмыс, қосымша табыс немесе қысқа мерзімді қызмет түрлері ұсынылады. Сондықтан бір ғана сайтқа сүйенбей, бірнеше платформаны қатар бақылаған тиімді. Компаниялардың ресми сайттарындағы «Вакансиялар» бөлімдерін, кәсіби әлеуметтік желілерді және жұмыс берушілердің әлеуметтік желідегі парақшаларын да бақылауға болады. Сонымен қатар таныстар мен кәсіби орта арқылы ақпарат іздеу де тиімді. Кейбір бос орындар көпшілікке жарияланбай, қызметкерлердің ұсынысы арқылы жабылуы мүмкін.

Түйіндеме – алғашқы әсер

Жұмыс беруші сізбен кездескенге дейін көбіне түйіндемеңізбен танысады. Сондықтан резюме қысқа, нақты әрі түсінікті болуы қажет. Онда еңбек өтілі, білімі, кәсіби дағдылары, тіл білу деңгейі және байланыс ақпараты көрсетілгені жөн. Түйіндемеге барлық өмірбаянды жазудың қажеті жоқ. Керісінше, нақты вакансияға сәйкес келетін тәжірибені алдыңғы орынға шығарған дұрыс. Мысалы, маркетолог қызметіне өтініш берсеңіз, әлеуметтік желілермен жұмыс, жарнама жүргізу, аналитика немесе контент жасау тәжірибеңізді нақты көрсетіңіз. Мүмкін болса, жұмыс нәтижесін санмен көрсету де пайдалы. «Әлеуметтік желіні жүргіздім» дегеннен гөрі «үш ай ішінде парақшаның қаралымын 30 пайызға арттырдым» деген ақпарат жұмыс берушіге көбірек әсер етеді.

Өзіңізді қалай дұрыс таныстыру керек?

Әңгімелесу кезінде өзіңіз туралы ұзақ әрі жалпы ақпарат айтудың орнына, кәсіби артықшылықтарыңызды қысқа жеткізген дұрыс. «Мен жауапкершілікті адаммын» деген жалпылама сөздерден гөрі, оны нақты мысалмен дәлелдеу тиімді. Мәселен, «Бұған дейін бірнеше жобада қатар жұмыс істеп, белгіленген мерзімде тапсырмаларды орындадым» деген жауап сіздің жауапкершілігіңізді нақты көрсетеді. Жұмыс беруші «Неліктен дәл сізді жұмысқа алуымыз керек?» деген сұрақ қоюы мүмкін. Бұл жерде компанияға қандай пайда әкеле алатыныңызды айту маңызды. Яғни, әңгіме тек өз қажеттілігіңіз туралы емес, сіздің дағдыңыздың жұмыс орнына беретін пайдасы туралы болуы керек.

Жұмыс табуға көмектесетін 4 лайфхак

Жұмыс іздеу кезінде ұсақ көрінгенімен, нәтижеге әсер ететін бірнеше тәсіл бар. Біріншіден, вакансияны көрген бойда бірден резюме жібермей, жұмыс берушінің талаптарын мұқият оқып шығыңыз. Егер талаптардың 70-80 пайызына сәйкес келсеңіз, міндетті түрде өтініш беріп көрген жөн. Барлық талапқа толық сәйкес келмеу – автоматты түрде үміткер бола алмайсыз деген сөз емес. Екіншіден, резюмені жұмыс берушіге ыңғайлы атаумен сақтаңыз. Мысалы, «Резюме.docx» дегеннен гөрі «Айдана_Серікқызы_Маркетолог.pdf» деген атау кәсіби көрінеді. Үшіншіден, электронды пошта арқылы өтініш жібергенде бос хат қалдырмаңыз. Қысқаша өзіңізді таныстырып, қандай қызметке өтініш беріп отырғаныңызды және тіркелген файлдарды көрсетіңіз. Бұл сіздің іскерлік қарым-қатынас мәдениетіңізді байқатады. Төртіншіден, сұхбат соңында жұмыс берушіге өзіңіз де сұрақ қойыңыз. Мысалы, «Бұл қызметтегі алғашқы үш айда қандай нәтижеге қол жеткізу күтіледі?» немесе «Командадағы жұмыс тәртібі қандай?» деген сұрақтар сіздің жұмысқа шынайы қызығушылығыңызды көрсетеді.

Жұмыс іздеуді жүйелі жүргізіңіз

Бір күнде ондаған вакансияға кездейсоқ өтініш жібергеннен гөрі, өзіңізге сәйкес келетін жұмыс орындарын таңдап, әрқайсысына жеке дайындалған дұрыс. Әр вакансияның талаптарын оқып, түйіндемені соған бейімдеу мүмкіндігіңізді арттырады. Сонымен бірге жаңа дағдыларды меңгеруді тоқтатпау қажет. Қазіргі еңбек нарығында маманның кәсіби білімімен қатар, цифрлық сауаттылығы, коммуникациясы, тіл білуі және жаңа технологияларды меңгеруі де маңызды. Ең бастысы – жұмыс іздеуді уақытша сәтсіздік деп қабылдамау. Бірнеше жерден жауап болмауы сіздің қабілетіңіз төмен екенін білдірмейді. Вакансия талаптарын саралап, түйіндемені жетілдіріп, өзіңізді таныстыру тәсілін өзгертіп отыру қажет. Жүйелі ізденіс пен дұрыс дайындық еңбек нарығында өзіңізге лайықты жұмыс табуға мүмкіндік береді.

Төлеген Абдрасилов

«Оңтүстік Рабат» газеті, №34, 20 тамыз 2026 жыл

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
20 тамыз 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар