Жастардың жалынды мерекесі: Жас таланттар марапатталды
Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңін қалыптастыратын маңызды буын. Олардың білімге, өнерге, шығармашылыққа және қоғамдық өмірге белсенді араласуы мемлекет дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Осы ретте жастардың талантын танытып, шығармашылық қабілетін шыңдауға мүмкіндік беретін мәдени-көпшілік іс-шаралардың маңызы зор. Жастардың басын қосып, олардың бастамаларына қолдау көрсету мақсатында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Шымсити саябағында «ZHASTAR FEST – 2026» мерекелік фестивалі ұйымдастырылды.
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы мекемесінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды шара қала жастарының өнері мен шығармашылығын дәріптеуге, талантты жастарға қолдау көрсетуге және олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталды. Мерекелік кешке қала тұрғындары мен қонақтары, жастар, шығармашылық ұжымдар, жоғары оқу орындарының өкілдері және қоғам белсенділері қатысты. Фестивальдің шымылдығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Одан кейін сахна төріне «Шамсинұр» би ансамблі шығып, көрерменге әсерлі би композициясын ұсынды. Әсем әуен мен заманауи қойылымдар үйлесім тапқан кеш жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік бағдарлама барысында жастарға арналған концерттік қойылымдар ұсынылып, белгілі өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Сахнада Бағлан Жолдасов, Астана Қарғабай, Сырым Исабаев, Қуаныш Әбжапбар және Алуа Мерген өнер көрсетіп, көрермендерге әсем әндерін тарту етті. Өнерпаздардың орындауындағы музыкалық шығармалар фестивальдің мазмұнын байытып, жастар мерекесінің ерекше атмосферасын қалыптастырды.
Шара барысында жастар саясатына қатысты маңызды мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жастарға мемлекет тарапынан және жергілікті деңгейде түрлі мүмкіндіктер жасалып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, нашақорлықтың алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Жас мобилограф» байқауының жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табысталды. Жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту, олардың азаматтық белсенділігін арттыру да фестивальдің негізгі бағыттарының бірі болды. Осы орайда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жастарды мерекемен құттықтап, ел мен қоғам өміріне белсенді араласып жүрген азаматтарға қала әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Бұл марапаттар жастардың қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуына берілген жоғары бағаның бір көрінісі болды.
Сондай-ақ қаладағы жоғары оқу орындарының ректорлары жастарға өздерінің ізгі тілектерін жеткізді. Олар білім алып, ізденіп жүрген жас буынның ел болашағындағы рөліне тоқталып, жастарға шығармашылық табыс, жаңа бастамалар мен биік жетістіктер тіледі. «ZHASTAR FEST – 2026» аясында жастардың әртүрлі қырын танытуға мүмкіндік беретін шығармашылық байқаулар да ұйымдастырылған болатын. Фестиваль барысында «Оқырман», «Stand Up», «Поэзия», «Акустика» және «Заманауи би» бағыттары бойынша өткен байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Әр бағыт бойынша өнер көрсеткен жастар өздерінің ерекше қабілеттерін танытып, шығармашылық ізденістерін көпшілік назарына ұсынды.
Аталған байқаулардың ұйымдастырылуы фестивальдің тек концерттік бағдарлама шеңберінде қалмай, жастардың шығармашылық әлеуетін жан-жақты ашуға бағытталғанын көрсетті. Бірі поэзия арқылы ішкі сезімін жеткізсе, енді бірі музыка, би немесе сахналық әзіл арқылы өз өнерін паш етті. Мұндай жобалар жастарға өз қабілетін сынап көруге, тәжірибе жинақтауға және жаңа орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кештің қорытынды бөлімі де көрермен көңілінен шықты. Сахнада «Шамсинұр» би ансамблі, «Арт Шоу» тобы және «Бурхан Стайл» барабан шоуы өнер көрсетіп, фестивальдің соңын әсерлі қойылымдармен түйіндеді. Әсіресе барабан шоуының қарқынды әуені мен би ұжымдарының жарқын өнері мерекелік кештің шырайын кіргізді.
Жастар күніне арналған «ZHASTAR FEST – 2026» фестивалі – өнерлі жастардың басын қосып қана қоймай, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетуге, қоғамдық белсенділігін арттыруға және жаңа бастамаларға жол ашуға бағытталған мазмұнды жоба болды. Фестиваль аясындағы байқаулар мен концерттік бағдарламалар жастардың бойындағы талант пен жігердің мол екенін тағы бір мәрте көрсетті. Бүгінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың өнерге, спортқа, білімге және қоғамдық жұмыстарға қызығушылығын арттыру – маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, «ZHASTAR FEST» секілді мәдени-шығармашылық жобалар жас буынның әлеуетін ашуға елеулі ықпал етеді.
Жалынды жастардың өнері мен шығармашылығы тоғысқан мерекелік кеш осылайша жоғары деңгейде өтті. «ZHASTAR FEST – 2026» фестивалі қала жастарына жаңа серпін беріп, олардың шығармашылық бастамаларын қолдаудың жарқын үлгісіне айналды. Халықаралық жастар күні аясындағы бұл шара жас буынның талантын ұлықтап, олардың жарқын болашаққа деген сенімін нығайтқан ерекше мерекелік кеш ретінде есте қалды.
Төлеген Абдрасилов
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Тамыз, 19
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
20 тамыз 2026