Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

КЕСЕСІЗ ШАЙ

kz.otyrar.kz

КЕСЕСІЗ ШАЙ

Қазақтың қара шаңырағында шайдың орны бөлек. Дастарханға қойылған бір шәйнек шай кейде бір ауылдың амандығын сұрастырады, кейде бір әулетті табыстырады, енді бірде өмірлік сабаққа айналар оқиғаның куәсі болады. Қазақ үшін шай – жай ғана сусын емес. Ол – сыйластықтың белгісі, құрметтің өлшемі, тәрбиенің таразысы.

«Жақсының үйіне барсаң, шайы дайын» деген сөз бекер айтылмаған. Ал жаңа түскен келіннің қолынан шай ішу – қазақ ауылындағы ежелден жалғасып келе жатқан әдемі дәстүр. Өйткені келіннің ибасы да, ептілігі де, үлкенге деген құрметі де көбіне сол шай құюынан байқалады.

Бір ауылға жаңа келін түсіпті.

Келіннің тәрбиесі қандай екен, мінезі қандай, үлкенді сыйлай ма, жоқ па – мұның бәрін сөзбен емес, ісімен көргісі келген ауылдың ақ жаулықты аналары бір күні: – Жүріңдер, жаңа келіннің қолынан шай ішейік, – деп әлгі шаңыраққа ат басын бұрыпты.

Қазақы дәстүр бойынша келген қонақты құрақ ұшып қарсы алған келін сәлемін салып, ізет көрсетіп, сырт киімдерін алып, төрге оздырады. Енесімен бірге дастарханды әп-сәтте жайып, бауырсақ, қаймақ, тосап, құрт-ірімшік, тәтті-дәмдінің бәрін ретімен қойып шығады.

Үлкендер риза.

– Ибалы екен…

– Қимылы қандай жинақы…

– Ата-анасы жақсы тәрбие берген екен, – деп іштей сүйсініп отыр.

Көп ұзамай буы бұрқыраған қара шай да келеді. Келін шәйнекті әкеліп, дастарханның үстіне әдемілеп қояды да, басқа тірліктеріне кірісіп кетеді.

Ауыл әйелдерінің де асығар жері жоқ. Әңгіме тиегі ағытылып, ескі күндер еске алынып, бүгінгі тіршілік сөз болады. Бірі немересін айтып мақтанады, бірі келіндерінің қылығын күліп еске алады.

Ал келін болса анда-санда келіп, шәйнекке көз тастап кетеді.

«Шайлары таусылар, тағы демдеп әкелемін», – деген ой.

Бірақ қызығы сол, шәйнек сол қалпы тұр.

Бір келгенінде де солай.

Екінші келгенінде де солай.

Үшінші рет қараса да, шайдың деңгейі өзгермеген.

«Мына апалар шай ішпей отыр ғой… Әлде шайым ұнамады ма екен? Әлде тым қою ма? Әлде сұйық па? Әлде бір жерден қателестім бе?» – деп жас келіннің көңілі алаңдай бастайды.

Бірақ үлкендердің сөзін бөліп:

– Неге ішпей отырсыздар? – деп сұрауға батпайды.

Әдептен аспайды.

Сөйтіп үнсіз ғана кіріп-шығып жүре береді. Осы көріністі сырттай бақылап отырған енесі бәрін бірден түсінеді. Келіннің абыржып жүргені жүзінен-ақ байқалады.

Сәлден кейін ақырын ғана шақырып алып:

– Қарағым-ай… Шәйнекті қарай бергенше, соны құятын кесені әкелмейсің бе? – дейді күлімсіреп.

Сол сәтте ғана келіннің есіне түседі. Ұяттан екі беті ду ете қалады. Асығып барып, кеселерді әкеліп, шайын құя бастайды.

Дастархан басын бір сәтке күлкі кернейді. Бірақ ол күлкі мазақтың емес. Мейірімнің күлкісі еді. Тәжірибенің күлкісі еді.

Өйткені үлкендер жақсы білетін…

Бүгінгі келін – кешегі қыз. Ол бәрін бірден біле салмайды. Тәрбие деген – ұрысып емес, үйретіп қалыптасатын қасиет.

Қазір осы оқиға есіме түскен сайын, бір ғана нәрсені ойлаймын.

Біздің қазақтың бұрынғы аналары қандай дана болған!

Олар келіннің бір қатесін күлкіге айналдырып, елге жария етпейтін. Қайта оңаша шақырып алып, бір ауыз сөзбен жөнге салып жіберетін. Өйткені олардың мақсаты келінді ұялту емес, тәрбиелеу болатын.

Қазір кейде болмашы қателіктің өзін телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жатамыз.

Ал бұрынғы аналар келіннің абыройын өз қыздарының абыройындай қорғайтын.

Сол себепті де ол келіндер уақыт өте келе ел анасына айналды.

«Кесесіз шай» деген осы бір қарапайым оқиға сырттай күлкілі көрінгенімен, астарында үлкен өмір жатыр.

Шәйнек – ниет, ал кесе – сол ниеттің жолы. Адамның көңілі де дәл сондай.

Кейде ниетіміз дариядай мол болады. Бірақ оны жеткізетін «кесені» ұмытып кетеміз.

Жақсылық жасағымыз келеді, бірақ жылы сөз айтпаймыз.

Көмектескіміз келеді, бірақ қол созбаймыз.

Құрметтейміз, бірақ білдірмейміз.

Сонда шәйнек толы шай дастарханның ортасында тұрғанымен, ешкімнің кесесіне құйылмаған күйі қала береді. Өмірдің өзі де кейде осындай.

Бұл оқиғада жеңілген ешкім жоқ.

Ұялған келін де – өмір сабағын алды. Бағыт берген ене де – аналық парызын атқарды. Күліп отырған әжелер де – келіннің бетінен алмай, жүрегінен орын берді.

Міне, қазақы тәрбиенің шынайы келбеті осы. Ұрпақ тәрбиесі айқаймен емес, ақылмен жалғасқанда ғана ұлттың рухы сақталады. Ал сол рухтың иісі аңқып тұратын жер – қара шаңырақ.

Қара шаңырақтың шырайын кіргізетін – ибалы келін. Ал ибалы келінді қалыптастыратын – парасатты ене.

Бір шәйнек шай мен бір кесе арқылы айтылған осы өмір сабағы талай кітаптың мазмұнын алмастыра алады.

Өйткені қазақтың тәрбиесі кейде ұзақ уағызда емес, бір ауыз сөзде, бір ғана оқиғада жатады.

«Кесесіз шай» – соның бір дәлелі.

Бақдәулет ПАЛҚОЖАҰЛЫ,

«Оңтүстік Рабат» газеті, №34,20 тамыз, 2026

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
20 тамыз 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар