Қазақстанда зейнетақы аннуитеттерінің жаңа түрлері енгізілуі мүмкін
Елде азаматтарға зейнетақы жинағын басқарудың жаңа мүмкіндіктерін ұсыну жоспарланып отыр. Бұл бастама Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасына енгізілген.
Қазір азаматтарға өмір бойы немесе белгілі бір мерзім ішінде төлем алуға мүмкіндік беретін шұғыл, кейінге қалдырылған және бірлескен (ерлі-зайыптыларға арналған) зейнетақы аннуитеттері қолжетімді.
2026 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстанда 164 294 зейнетақы аннуитеті шарты жасалған. Олардың жалпы сақтандыру сыйлықақысы 1,17 трлн теңгеге жетті. 2021 жылмен салыстырғанда шарттар саны 2,5 есеге, ал сақтандыру сыйлықақыларының көлемі шамамен 3,5 есеге артқан.
Оның ішінде 429,4 млрд теңге сомасына 53 826 кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті және 5,6 млрд теңге сомасына 275 бірлескен аннуитет шарты бар.
Болашақта зейнетақы аннуитеттерінің түрін көбейту жоспарланып отыр. Негізгі өнім ретінде төлемдерді өмір бойы қамтамасыз ететін кепілдендірілген зейнетақы аннуитеті сақталады. Бұл жағдайда адам күтілгеннен ұзақ өмір сүрген кезде төлемдерді жалғастыру тәуекелін сақтандыру ұйымы өз мойнына алады.
Сонымен қатар кепілдендірілген төлемдерді индекстеу арқылы аннуитетті икемді ету мүмкіндігі қарастырылмақ.
Жаңа өнімдердің бірі — инвестициялық-байланысты аннуитет (unit-linked). Ол зейнетақы төлемдерін инвестициялық табыс алу мүмкіндігімен ұштастырады. Мұндай өнім бойынша нәтиже таңдалған инвестициялық портфельдің немесе нарықтық индекстің кірістілігіне байланысты болады.
Тағы бір нұсқа — гибридті аннуитет. Бұл жағдайда қаражаттың бір бөлігі өмір бойы кепілдендірілген төлемдерге бағытталса, екінші бөлігі инвестицияланады. Осылайша азамат тұрақты зейнетақы төлемін сақтай отырып, инвестициялық табыс алу мүмкіндігіне ие болады.
Бұдан бөлек, азаматтарға зейнетақы өнімдерін таңдауға көмектесетін бірыңғай цифрлық сервис құру жоспарланып отыр. Сервис арқылы әртүрлі өнімдерді салыстырып, болашақ төлемдердің ықтимал мөлшерін есептеуге және жеке зейнетақы жоспарын жасауға болады.
- Соңғы
- Тамыз, 24
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
25 тамыз 2026