КҚК-ға сенім азайды: Қазақстан жаңа бағыт қарастырып жатыр
Қазақстан КҚК-дағы үзілістерден кейін мұнай экспортын әртараптандыруды жеделдетпек. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Баку–Супса құбыры Қазақстан үшін өмірлік маңызды балама бағыттардың бірі болуы мүмкін.
Министр биыл Каспий құбыр консорциумы инфрақұрылымына жасалған шабуылдар салдарынан Қазақстан 3,5 млн тонна мұнай өндіру мүмкіндігін жоғалтқанын еске салды. Оның сөзінше, балама бағыт дайын болғанда бұл көлемнің бір бөлігін Ақтау порты арқылы Әзербайжанға жеткізіп, ары қарай Баку–Супса құбырына бағыттауға болар еді. Ақкенженов бұл туралы Үкіметтегі брифингте мәлімдеді.
Баку–Супса мұнай құбырының өткізу қабілеті жылына шамамен 5 млн тонна. Бұған дейін Энергетика министрлігі Қазақстан осы бағытпен жылына 3 млн тоннаға дейін мұнай жөнелту мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған.
Әзірге Қазақстан мен Әзербайжан арасында Баку–Супса арқылы мұнай жеткізу жөнінде тікелей келіссөз басталмаған. Ақкенженовтің айтуынша, алдымен Қазақстан ішінде тиісті шешім қабылдануы қажет, алайда бағыт бойынша белгілі бір дайындық жұмыстары бар.
Қазақстан қазірдің өзінде Каспий арқылы балама экспорт бағытын пайдаланып отыр. Баку–Тбилиси–Жейхан құбырымен жылына шамамен 1,2 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалданады. Әзербайжан бұл көлемді 2,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға дайын екенін білдірген.
Баку–Супса бағыты іске қосылса, Қазақстанның КҚК-ға тәуелділігін біршама азайтып, негізгі экспорт арнасында жаңа үзілістер болған жағдайда мұнайды басқа бағытқа жедел бұру мүмкіндігін кеңейте алады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
25 тамыз 2026