Трамп Тоқаевты Майамидегі G20 саммитіне шақырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының ықпалды делегациясын қабылдады, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Дональд Трамптың республикалық партиясының өкілдері бастаған америкалық заң шығарушылармен кездесуде екіжақты серіктестік пен парламенттік дипломатияны дамыту мәселелері талқыланды.
АҚШ Өкілдер палатасының Бюджет және салық жөніндегі комитетінің төрағасы Дүйсен Смит (Джейсон Смит), сондай-ақ Конгресс мүшелері Грег Мерфи, Кэрол Миллер, Ронни Джексон, Уэсли Белл және Эдвард Кейс Қазақстанға ресми сапармен келді.
Мемлекет басшысы америкалық меймандарға ілтипат білдіріп, бұл сапардың еліміздегі маңызды саяси оқиға – бір палаталы Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор екенін атап өтті.
«Парламент сайлауы еліміздегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңі басталғанын айшықтайтын тарихи оқиға болды. Жаңадан жасақталған бір палаталы Құрылтай заң шығару үдерісінің тиімділігі мен заңдардың сапасын едәуір арттырады. АҚШ Конгресі мен Құрылтай мүшелері арасындағы конструктивті сұхбат қазақ-америка серіктестігін нығайту тұрғысынан айрықша маңызға ие», – деді Тоқаев.
Кездесу барысында президент америкалық делегацияға Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ, әділетті әрі озық мемлекет құруды көздейтін стратегиялық бағдар аясында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың негізгі басымдықтары таныстырылды.
Америкалық делегацияны бастап келген конгрессмен Джейсон Смит арнайы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді
«Бүгін түнгі екіде маған Президент Дональд Трамп қоңырау шалды. Мен оған бірнеше сағаттан соң Сізбен кездесетінімді айттым. Ол Сізге ізгі тілегін жолдап, араларыңызда қалыптасқан сенімді әрі конструктивті қарым-қатынасқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Президент Сізді G20 саммитіне қатысу үшін Майамиде күтетінін айтты. Біздің сапарымыздың бір мақсаты – Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу. Біз екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолында мазмұнды диалог өрбітуге бейілміз. Президентіміз бұған айрықша маңыз артып отыр», – деді Джейсон Смит.
Трамп жақтастарынан құралған Конгресс өкілдерімен өткен бұл келіссөздер Астана мен Вашингтон арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтеруге және екі елдің экономикалық-саяси ынтымақтастығын нығайтуға серпін бермек.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
25 тамыз 2026