Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

"Армия өткен ғасырда қалып кеткен": ақылы әскерге бюджеттен қанша қаржы керек

kz.kursiv.media

Армия өткен ғасырда қалып кеткен:  ақылы әскерге бюджеттен қанша қаржы керек

Каспий теңізіндегі 14 әскеридің өмірін жалмаған қайғылы оқиғадан соң, көпшілік мерзімді әскери қызметтен бас тартып, келісім-шарт негізінде жұмыс істейтін ақылы армия енгізу туралы бастама көтерді.

Қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиын өткізіп, «Қазақстан армиясы өткен ғасырда қалып кеткенін» айтты. Қорғаныс министрі мен әскери ірі шенділер қызметінен кетіп, бірқатарына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ауа-райы қолайсыз болып тұрған кезде оқу-жаттығу өткізген Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Осы ретте Kursiv.Media елдің әскери әлеуеті қандай, қорғаныс саласына қанша қаржы бөлінеді, ел қазынасында ақылы әскерді ұстауға жететін қаржы бар ма деген сауалдарға жауап іздеп көрді.

Global Firepower халықаралық рейтингіне сәйкес, Қазақстан әскери қуаты бойынша 145 мемлекеттің ішінде 58-орынға тұрақтаған. Зерттеу авторлары елдің әскер санын, айналымдағы техникасы мен авиациясын, сондай-ақ қаржылық мүмкіндіктері мен жұмылдыру ресурсын бағалаған.

Соған сәйкес, Қазақстандағы жалпы әскери қызметкерлер саны 300 мыңға жуықтайды. Бұл құрамда 110 мың саптағы әскери қызметші, 135 мың запастағы сарбаз бен әскерилендірілген құрылымдардың 55 мың қызметкері бар.

Елдің қорғаныс бюджеті 5,8 млрд доллар деп бағаланып, әскери шығыстар көлемі бойынша еліміз әлемде 54-орынды иеленген.

Жыл сайын отан алдындағы әскети міндетін өтеуге 42-43 мың азамат шақырылады.

Сонымен қатар рейтингте армияның қару-жарақ әлеуеті де нақтыланған. Қазақстан қарулы күштерінің иелігінде 168 ұшу аппараты бар, олардың қатарында 37 жойғыш ұшақ, 13 шабуылдаушы ұшақ және 72 тікұшақ бар.

Ал құрлық әскерлері 353 танкпен, 17,4 мыңнан астам әскери техникамен және 287 дүркін-дүркін атылатын реактивті жүйемен жарақтанған.

Қазақстанның кейінгі 5-6 жылдағы бюджетіне көз жүгіртсек, қорғаныс саласына жұмсалатын шығын жылдан жылға артып келе жатқанын байқауға болады. 2021 жылы ел қазынасынан 718 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы 1,2 трлн теңгеге жеткен.

Ал 2026 жылғы республикалық бюджетке сәйкес, Қазақстанның қорғаныс саласына 1,4 трлн теңге жұмсау жоспарланған.

Бұл қаржының басым бөлігі – 1,1 трлн теңгесі «армияның жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын қамтамасыз етуге» шоғырланған. Сонымен қатар «қорғанысқа» бөлінген қаржы толық салалық министрлікке бағытталмайтынын ескерген жөн. Биылға жоспарланған қаржының 260 млрд теңгесі Төтенше жағдайлар министрлігі арқылы игеріледі.

Осы ретте Kursiv.media министтрліктен қорғаныс саласына жұмсалатын қаржының қаншасы кәсіби келісім-шарт негізіндегі армияға бөлінетіні сұрап, ресми сауал жолдаған болатын. Алайда министрлік бұл ақпарат «құпия мәлеметке жататынын» алға тартып, жария етілмейтінін мәлімдеді.

«Қарулы Күштер қызметінің жекелеген бағыттарына және бюджет қаражатыныңбөлінуіне қатысты мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптары шеңберінде жүзеге асырылады. Осыған орай, әскери жоспарлау жүйесін қаржыландыруға қатысты жекелеген мәліметтер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатады және жария етілуге жатпайды», – делінген ресми жауапта.

Қаржыгер-сарапшы Андрей Чебаторев телеграм-арнасында жалпы бюджеттен ақылы армияға қаржы табуға болатынын жазады.

«2026 жылы барлық құзырлы ведомстволарға 43 231 мерзімді сарбазды шақыру жоспарланған. Егер әрбір сарбаздың орнын бір келісімшартпен істейтін әскери қызметшімен алмастырады деп есептеп көрсек. Келісімшартпен қызмет ететіндерге айына 160 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жалақы төленсе, жылдық жалақы қоры 110 миллиардтан 260 миллиард теңгеге дейін болады. Әскери қызметшінің шығыны тек жалақымен шектелмейді. Бұған баспана ақысы (тұрғын үй төлемдері), киім-кешек, тамақ, әлеуметтік кепілдіктер мен оқыту кіреді. Жалақы қорына бұл шығындардың 60%-ын қоссақ, орташа жалақы сценарийінде реформаға жыл сайын шамамен 289 миллиард теңге, ал ең жоғары жалақы төленген жағдайда 400 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет болады», – дейд ол.

Алайда қазіргі қалыптасқан жағдайда өз еркімен әскери болғысы келетіндердің қатары сирек.

Бұл ретте Халықаралық және әскери қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Эмин Джаббаров Тимур Балымбетовке берген сұхбатында әскери білім беруге баса нараз аудару керек екенін айтады. Сарапшы әскери институттардағы білім беру өзгерсе, әскердегі жағдай жақсара бастайды деп тұжырымдайды.

«Әскери білім беру және зеттеу бағдарламаларына өзгеріс енгізу керек. Қағаз жүзінде бәрі бар, бәрі жақсы. Түрлі институттар, ғылыми-сараптамалық орталықтар бар. Бірақ әлі күнге офицерлерді қалай дайындау керек деген толық түсінік жоқ. Әскер қызметкерлерді оқыту, дайындау жүйесі өзгергенде ғана, армия өзгереді», – дейді ол.

Бас прокуратураның статистикасын талдаған Finprom сарапшылардың мәліметінше, кейінгі жылдары Қазақстан армиясындағы мәселелердің көбейген. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында 261 әскери қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп. Ал қарауға алынған жалпы қылмыс саны 309-ға жетіп, бір жылда 48,6%-ға өскен.

Биылғы сегіз айда әскери қылмыстардан 363 адам зардап шекті. Бұл – 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе өскен.

Әскердегі өз-өзіне қол жұмсау деректері де күрделі мәселе болып отыр. Алғашқы жеті айда 6 әскери қызметші суицид жасаған: оның 3-еуі келісімшарттағы әскери, 3-еуі мерзімді сарбаз. Алты жағдайда да оқиғаның себебі айтылмады. Бұдан бөлек, тағы 3 әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсауға оқталған.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
9 қазан 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар