Тоқаевтың цифрландыру жөніндегі комиссиясына Турлов, Мусин және Ломтадзе кірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі Президент жанындағы комиссияның жаңартылған құрамын бекітті. Мемлекет басшысы тиісті №1514 жарлыққа 3 қазанда қол қойды деп жазады Kursiv Media.
Комиссияға Қазақстанның премьер-министрі төрағалық етеді. Оның орынбасары болып премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі, ал комиссия хатшысы болып осы ведомствоның бірінші вице-министрі белгіленді.
Комиссия құрамына негізгі мемлекеттік органдардың басшылары кірді. Олардың қатарында Ұлттық банк төрағасы, Бас прокурор, ҰҚК төрағасы, сондай-ақ ішкі істер, қорғаныс, сыртқы істер, қаржы, энергетика, денсаулық сақтау, оқу-ағарту, көлік, ауыл шаруашылығы және басқа да министрліктердің басшылары бар.
Сонымен қатар комиссия құрамына Атом энергиясы жөніндегі агенттік, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі өкілдері кірді.
Комиссия жұмысына ірі компаниялар мен бизнес ұйымдарының өкілдері де тартылады. Келісім бойынша оның құрамына «Самұрық-Қазына», «Астана» халықаралық қаржы орталығы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылары енгізілді.
Комиссияның жеке бір бөлігі цифрлық және технологиялық нарық сарапшыларынан жасақталған. Оның құрамына, атап айтқанда, Freedom Telecom Operations басшысы Қайрат Ахметов, Silkroad Innovation Hub CEO-сы Асет Абдуалиев, Platonus басшысы Серік Бүтімбаев, Booking.com маманы Әлібек Датбаев және Documentolog басшысы Байжан Канафин кірді.
Сарапшылар қатарында сондай-ақ Kaspi Bank басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе, «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин, Chocofamily Holding директорлар кеңесінің төрағасы Рамиль Мухоряпов, Kazdream Holding басшысы Дәурен Тұлабаев, Freedom Holding Corp. CEO-сы Тимур Турлов және Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова бар.
Жарлықпен комиссияның өкілеттігі де нақтыланды. Енді комиссия қажетті құжаттар, ақпараттар мен материалдарды тек орталық мемлекеттік органдардан ғана емес, жергілікті атқарушы органдардан да сұрата алады. Яғни облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерінен бастап, аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларға дейінгі жергілікті органдардан ақпарат алуға құқығы бар.
Құжат 2026 жылғы 3 қазанда, яғни қол қойылған күннен бастап күшіне енді.
- Соңғы
- Қазан, 08
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
9 қазан 2026