Turlov Private Holding кейбір активтерін IPO-ға шығаруды жоспарлап отыр
Turlov Private Holding Ltd. (TPH) бизнесмен Тимур Турловтың жеке инвестицияларын біріктіретін холдинг. Компания бірнеше тау-кен жобасын біріктіріп, кейін қор нарығына шығаруды қарастырып жатыр. Бұл туралы холдингтің CEO-сы Ольга Баскакова 8 қазанда өткен баспасөз мәслихатында айтты деп жазады Kursiv Media.
Оның сөзінше, TPH портфелінде болашақта жария компаниялар тобына айналуы мүмкін бірнеше жоба бар. Алайда ол активтердің қашан IPO-ға шығарылатыны белгісіз.
«Бір сәтте тау-кен жобаларын бір топқа біріктіргіміз келеді. Мұндай ірі топтың дамуы – табиғи процесс. Бірақ оған дейін жобаларымыздың ауқымын ұлғайтуымыз керек. Ол үшін компания белгілі бір қаржылық көрсеткіштерге жетіп, қажетті талаптарға сай болуы және нарықта жеткілікті тәжірибе жинауы тиіс», – деді Баскакова.
Оның айтуынша, холдинг болашақта бірнеше жобаны біріктіріп, оларды капитал нарығына шығаруды қарастырып жатыр.
Тау-кен саласы – TPH инвестицияларының негізгі бағыттарының бірі. Холдинг портфелінде алтын, никель және мыс өндіруге қатысты жобалар бар.
Мысалы 2023 жылы холдинг алтын кен орнын игерумен айналысатын Central Asia Gold компаниялар тобының үлесін сатып алды. TPH өнеркәсіптік активтерге, оның ішінде Семейдегі цемент бизнесіне де инвестиция салып отыр.
Баскакова түсіндіргендей, өнеркәсіптік және шикізат жобаларының көпшілігі ұзақ мерзімді инвестицияны қажет етеді. Тау-кен саласында алғашқы инвестициядан өндірісті іске қосқанға дейінгі кезең шамамен 10 жылға созылуы мүмкін. Сол үшін де холдинг активтерді ұзақ мерзімде дамытуға және олардың құнын арттыруға басымдық береді.
Компания бизнесін қажетті деңгейге жеткізіп, қаржылық көрсеткіштері жақсарған жағдайда ғана биржаға шығуы ықтимал.
Топ-менеджер Turlov Private Holding-тің өзін жақын уақытта IPO-ға шығару жоспарда жоқ екенін де айта кетті.
«Turlov Private Holding-ті алдағы үш жылда жария компанияға айналдыруды жоспарлап отырған жоқпыз. Бірақ холдинг құрамындағы қандай да бір топ немесе компания жеке жария компания ретінде шығуы мүмкін деген нұсқаны қарастырып жатырмыз», – дейді Баскакова.
Оның айтуынша, қор нарығында тау-кен және логистика компанияларының акцияларын жария орналастыру тәжірибесі бар. Алайда бұл үшін компания жеткілікті деңгейде дамып әрі оның акциялары инвесторларға қызықты болуы керек.
Әзірге TPH құрамында соңғы төрт жылда дамыған жобалардың ешқайсысы IPO өткізген жоқ. Дегенмен портфельдегі кейбір компаниялар «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) нарығында облигация шығару арқылы қаржы тартып жатыр.
Холдинг капитал тартудың басқа да жолдарын қарастырып отыр. Оның ішінде қытайлық инвесторларды тарту және қарыз құралдарын орналастыру мүмкіндіктері бар.
Turlov Private Holding – 2021 жылғы 19 шілдеде АХҚО заңнамасында тіркелген жеке инвестициялық компания. Компания Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турловтың жеке инвестицияларын біріктіреді және жария қаржы тобынан бөлек жұмыс істейді.
TPH инвестициялық портфелінде экономиканың әртүрлі салаларындағы 60-тан астам компания бар. Негізгі бағыттары тау-кен өнеркәсібі, логистика, авиация, инфрақұрылым, технология, медиа, білім беру, спорт.
Акциялары америкалық Nasdaq биржасында саудаланатын Freedom Holding Corp-тан айырмашылығы TPH – жеке компания. Инвестициялардың негізгі бағыты – Қазақстан нарығы. Холдинг жаңа компанияларды құруға да, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды дамытуға да қатысады. Оның жобалары қатарында Қарағандыдағы «Сарыарқа» әуежайы, жүк тасымалдайтын Alatau AirCargo әуе компаниясы, Астанадағы дата-орталық құрылысы және «Шахтер» футбол клубы бар.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
8 қазан 2026