Ақтоғайда жылына 300 мың тонна мыс өндіретін зауыттың құрылысы басталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы Абай облысындағы Ақтоғай кен орнында мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне қатысты. Президент жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Қазақстан экономикасы мен отандық металлургия саласының дамуына серпін беретінін атап өтті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Мемлекет басшысының айтуынша, тау-кен металлургиясы ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар салалардың бірі. Қазіргі таңда Қазақстанда 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Елде жыл сайын шамамен 160 миллион тонна кен өндіріліп, 3,5 миллион тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады.
«Тау-кен металлургиясы мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор сала екені белгілі. Мен былтыр халыққа Жолдауымда осы мәселеге арнайы тоқталдым, нақты міндеттерді айқындадым. Сондықтан жаңа зауыттың құрылысын осы бағытта істеліп жатқан белсенді жұмыстың нәтижесі деп айтуға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа зауыт жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруге қауқарлы болады. Президенттің айтуынша, бұл көлем ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін Қазақстан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіру мүмкіндігіне ие болады.
«Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың катодты мыс шығарады. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жетеді. Осы зауыт іске қосылған соң Қазақстан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін жетекші елдердің ондығына кіре алады», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар зауытта алтын мен күкірт қышқылын өндіру де жоспарланған. Бұл жоба металлургия саласын дамытуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын басшылығы жұмысшылардың әлеуметтік қажеттіліктерін ескеріп, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керектігін айтты.
«Әсіресе, жұмысшылардың заңды әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету қажет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің басты мәні де – осы. Үкімет, жергілікті билік өкілдері еңбек ұжымдарымен тығыз байланыс орнатып, белсенді жұмыс істеуі керек», – деді президент.
Мемлекет басшысы өндіріс орындарында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолданудың маңыздылығына да тоқталды. Оның айтуынша, заманауи шешімдер өндіріс тиімділігін арттырып, апаттардың алдын алуға және жұмысшылардың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.
«Озық шешімдер кәсіпорынның өнімділігін арттырып, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жақында өткен AI & Digital Bridge форумында мен Үкіметтің алдына нақты міндет қойдым. Зауыт салу барысында осы мәселені ескерген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңызын атап өтіп, жобаны жүзеге асыруға атсалысып жатқан азаматтар мен қытайлық серіктестерге алғыс білдірді.
Мемлекет басшысы Ақтоғай мыс балқыту кешені Қазақстанның өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп, отандық металлургия саласының дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.
- Соңғы
- Қазан, 21
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
22 қазан 2026