Еуроодақ: Франциядағы қақтығыстарға Ресейдің қатысы болуы мүмкін
Франция мен Еуропаның өзге елдеріндегі қақтығыстарға Ресейдің қатысы болуы мүмкін. Kursiv.Media бұл туралы Financial Times-қа сілтеме жасап жазады. Арнайы қызмет қақтығыстар жайлы жалған ақпарат таратқан, зорлық-зомбылыққа үндеген видеоларды анықтаған соң Еуропа билігінде осындай күдік пайда болған.
Француз билігі ресейлік агенттер көшедегі бүлікке шақыруы мүмкін деп күдіктеніп, құзырлы органдарға толық анықтауды тапсырған. Әзірге тергеу енді басталды. FT тілшісі сөйлескен Еуропа барлау қызметіндегі жоғары лауазымды шенеуніктің сөзінше, ресейлік ақпараттық науқан тек интернетте ғана жүрген және көбінде болып қойған оқиғаларға реакция берумен ғана шектелген. Италияның қорғаныс министрі Гвидо Крозетто қақтығыстарды TikTok пен Youtube арқылы еуропалық елдерге қарсы жүргізілген гибридті соғыстың бір көрініс деп атады. Оның сөзінше, Батыс болған жағдайларды толық қорытып үлгерген жоқ, сондықтан қарсы шаралар қабылдауға дайын емес.
Әзірге Еуропа билігі бүліктің артында тұр деген ультрасолшыл күштердің әрекетін тексеруден бастаған.
FT журналистік зерттеу жүргізіп, басқа елдегі тәртіпсіздіктерді Франциядағы қақтығыстар деп көрсеткен бірнеше видеоны анықтаған. Олардың бірінде шерушілер пиротехника лақтырып жатыр. Шын мәнінде, видео 2024 жылы Тбилисидегі көтерілісі кезінде түсірілген. Дегенмен жазба 6 млн рет қаралған. Басылым дереккөздерінің сөзінше, көбінде ресейшіл және ультраоңшыл аккаунттар осыған ұқсас бейнежазбалар таратып отыр.
Париждегі Sciences Po атты саяси зерттеулер институтының сарапшысы Давид Колонның сөзінше, Кремльге жақын блогерлер қақтығыстар жайлы жалған хабарлама таратқаны да байқалған. Әсіресе, «Матрешка» және Storm-1516 тәрізді ірі ресейлік ақпараттық ресурстардың қатысы болуы мүмкін деген күдік бар. Бірақ Колон оларды қақтығыстарды ұйымдастырушылар деп айтуға болмайды деп отыр.
FT басылымына Еуропа барлау қызметіндегі дереккөздің айтуынша, билік ең алдымен жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар ультрасолшыл топтардың қызметін тексеруді көздеп отыр. Құзырлы органдар тәртіпсіздіктер сыртқы күштердің араласуынан емес, алдымен ел ішіндегі саяси радикалданудан туындаған деп есептейді.
Еуропа барлау қызметінің тағы бір өкілі Ресей мен басқа шет мемлекеттердің рөлін асыра бағаламауға да шақырды.
«Адамдар көшеге шығып жатыр, өйткені олардың билікке қоятын нақты талаптары бар. Шет мемлекеттер наразылық көңіл күйін ушықтыруға тырысады. Алайда олардың рөлін асыра бағалауға болмайды. Барлығына орыстар кінәлі деп айту, мәселені тым қарапайым түсіндіру болар еді», – деді ол.
Еуропаның бірнеше еліне жайылған шерулер әуелі Франциядан басталған. 18 қазанда елде үлкен қақтығыстар болып, тарихи маңызы бар бірнеше ғимарат отқа оранды. Макрон халыққа арнайы үндеу жасап, дүние-мүлікке зақым келтіргендер жазаланады деді. Дегенмен ол қоғамның бір бөлігі шынымен де әлеуметтік себеппен көшеге шыққанын мойындап, арнайы шара қабылдауға уәде берді.
Италияның Милан қаласында кәмелетке толмаған жасөспірімдер шеруге шығып, соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Сондай шерулер Турин және Болонья қалаларында болды. La Repubblica мәліметінше, Италиядағы тәртіпсіздіктерден 1,3 млн еуро немесе 660 млн теңге шығын келген.
Екі елден кейін Албанияда да шерушілер мен полиция арасында қақтығыстар болып өтті.
Оқи отырыңыз: Еуропадағы бүліктің астарында не жатыр
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 қазан 2026