Елде заңсыз жұмыс істеген алты криптобиржаның қызметі тоқтатылды
«Астана» халықаралық қаржы орталығының соты елдегі алты криптоплатформаға цифрлық активтер қызметін көрсетуге, ұсынуға және жарнамалауға тыйым салды. Тыйым BingX, Bitcoin.com, Huobi Global (HTX), BitMart, Coinbase және WEEX операторларына қатысты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Шешім 2026 жылғы 15 қыркүйекте қабылданды. Сонымен бірге шектеулер Google мен Apple компанияларына да қатысты. Олар енді өздерінің қосымша дүкендерінде (Google Play мен App Store) аталған платформаларды Қазақстан аумағында бұғаттауға тиіс.
Бастапқыда бұл тізімде LBank криптоплатформасы да болған. Дегенмен 18 қыркүйекте бұл компания Қазақстандағы қызметін өзі шектегендіктен, сот оған қатысты шешімін өзгертті.
Сот шешімінде рұқсатсыз цифрлық активтер қызметін көрсету АХҚО реттеу жүйесінің тұтастығына нұқсан келтіретіні атап өтілді.
Бұдан бөлек, заңсыз платформалар адал жұмыс істеп жатқан компанияларға кедергі келтіреді. Себебі лицензиясы бар қатысушылар қаржылық қауіпсіздікті сақтауға, заңсыз ақшаны заңдастыруға жол бермеуге және клиенттерді тексеруге арнайы қаржы жұмсайды, ал заңсыз криптобиржалар мұндай шығындардан қашып, әділ емес артықшылыққа ие болады.
AFSA бас директоры Евгения Богданованың айтуынша, лицензия алмаған криптоплатформаларға қарсы жұмыс 2025 жылы басталған. Сол кезде реттеуші АХҚО талаптарын түсіндіру үшін 20-дан астам платформаға жазбаша ескерту жолдаған еді.
«2026 жылдың басында AFSA лицензиясыз жұмысын жалғастырған платформаларға қатысты сот тыйымдарын шығару туралы талап арыздармен АХҚО сотына жүгінді. Тиісті сот шешімдері мұндай сервистерге қолжетімділікті шектеу үшін Google Play және Apple App Store қосымша дүкендерінің операторларына жіберіледі. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде тоғыз криптоплатформа Google Play мен Apple App Store арқылы Қазақстандағы өз қосымшаларына қолжетімділікті ерікті түрде шектеді, осыған байланысты AFSA оларға қатысты талап арыздарын кері қайтарып алды. Тағы жеті платформа AFSA-дан цифрлық активтер айналымын ұйымдастыру қызметін жүзеге асыруға лицензия алу ниетін білдірді. Алты криптоплатформаға қатысты сот тыйымдары негізінде қолжетімділікті мәжбүрлі түрде шектеу шаралары қолданылады», – деп атап өтті Евгения Богданова.
Сонымен бірге AFSA лицензиясы жоқ платформалардың бақылауда болмайтынын ескертті. Оларды пайдаланатын азаматтардың активтері қорғалмайды, ал қандай да бір дау немесе шағым туындаған жағдайда құқықтары қорғалмайды.
«Сот қабылдаған шешім ең алдымен қолданушыларды осындай тәуекелдерден қорғауға бағытталған», – делінген хабарламада.
Ал AFSA-дан ресми лицензия алған сенімді компаниялардың тізімін АХҚО-ның ресми сайтынан көруге болады.
Бұған дейін Kursiv.Media Kaspi Capital Ltd. АХҚО аумағында Kaspi Broker Ltd. атты жаңа еншілес компания құрғанын жазған еді. Бұған сәйкес Kaspi.kz тобы брокерлік бағытты дамытуға дайындалып жатқан болуы мүмкін.
- Соңғы
- Қазан, 21
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
22 қазан 2026