2027 жылдан бастап ғалымдарға бес жылдық гранттарды енгізу ұсынылды
Қазақстанда іргелі ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру әлі де үш жылдық цикл аясында жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте конкурстық рәсімдердің созылып кетуінен ғалымдар жиі 100 күнге жуық уақытын жоғалтады, ал толыққанды жұмыс істеуге бар-жоғы 2–2,5 жыл ғана қалады. «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Лаура Қарабасова Құрылтайдың кезекті отрысында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Депутат Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке және Қаржы министрі Мәди Такиевке сауал жолдап, іргелі ғылымды қаржыландыру тәсілін қайта қарауды ұсынды.
Лаура Қарабасова атап өткендей, ғылым – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімі мен технологиялық егемендігінің негізі. Сондықтан ғылымға уақыт бермей, одан үлкен нәтиже талап етуге болмайды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев гранттық қаржыландырудың үш жылдық мерзімі іргелі зерттеулерге кедергі келтіретінін айтып, оны бес жылға дейін ұлғайтуды ұсынған болатын. Тиісті норма 2022 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді, кейін ол 2024 жылғы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңның 34-бабында бекітілді.
Дегенмен депутаттың айтуынша, негізгі гранттық конкурстар осы күнге дейін үш жылдық циклмен өткізіліп келеді. Депутаттық сауалда атап өтілгендей, конкурстық рәсімдердің кемінде 100 күнге кешігуі қосымша мәселеге айналған. Нәтижесінде зерттеулерге бөлінетін нақты уақыт 2–2,5 жылға дейін қысқарады.
Бұл мәселе әсіресе биомедицина, ауыл шаруашылығы, экология және климатология салалары үшін маңызды. Мұндай зерттеулерге ұзақ бақылау, бірнеше маусымдық цикл қажет.
«2026 жылғы 24 маусымдағы заңға енгізілген толықтыру ғылыми жобаның мерзімін шарт жасалған күннен бастап есептеуді бекітті. Енді конкурстық рәсімнің кешігуінен ғылыми жұмыстың мерзімін қысқартуға негіз жоқ. Бюджетті де сылтау ете алмаймыз. Себебі, бес жылдық жобаның төртінші және бесінші жылына қажетті қаражатты кейінгі бюджеттік циклде жоспарлауға мүмкіндік бар. Яғни ғылымды дамытуға заңнамалық негіз жасалды. Қаржы тетігі де көзделген. Мәселе – министрліктердің нақты басқарушылық шешім шығаруында, – деп атап өтті Лаура Қарабасова.
Осыған байланысты депутат министрліктерге мынадай ұсыныстар білдірді:
1. 2027 жылдан бастап іргелі ғылыми жобалар бойынша 60 айлық гранттық қаржыландыру конкурсын өткізуді;
2. Іргелі ғылым үшін бес жылдық қаржыландыруды негізгі модель ретінде енгізуді және жобаның толық жоспары мен қаржыландыру көлемін бекітуді;
3. Төртінші және бесінші жылдарға қажетті шығыстарды кейінгі бюджеттік циклдерде алдын ала жоспарлау тетігін енгізуді;
4. Қолданбалы және іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурстарын бөлек ұйымдастыруды ұсынамын.
- Соңғы
- Қазан, 21
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
22 қазан 2026