Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Үкімет пен Ұлттық банк қор активін 100 млрд долларға жеткізу мақсатынан бас тартты ма

kz.kursiv.media

Үкімет пен Ұлттық банк қор активін 100 млрд долларға жеткізу мақсатынан бас тартты ма

2022 жылдың желтоқсанында Қасым-Жомарт Тоқаев ел үкіметі мен Ұлттық банкке Ұлттық қордағы қаражатты 2030 жылға дейін 100 млрд долларға жеткізуді міндеттегені белгілі.

Алайда 2023-2025 жылдары бюджет тапшылығын жабу үшін Қазақстанның «қауіпсіздік жастығынан» кисапсыз қаржы алынды. 2023 жылы 4,1 трл теңгеге бөлінсе, 2024 жылы алынған қаржы 5,6 трлн теңгеге жетті.

Ал 2025 жылы бюджет қажеттілігі үшін қордан 5,25 трл теңге бөлінген. Осы қарқынмен ақша алына берсе, қордың орталанып қалатынын түсінген сарапшылар мен депутаттар дабыл қағып, «қор қаржысын күмәнді мақсаттарға жұмсауды» тоқтатуға шақырды.

Бұрынғы экономика министрі Нұрлан Байбазаров сол кезде Ұлттық қорда 100 млрд доллар жинақталу үшін Үкімет 2026 жылдан алынатын қаржыны екі есе қысқартуы керек деп мәлімдеген.

Ұлттық қордан жыл сайын қомақты қаржы жұмсалып, «қауіпсіздік жастығындағы» ақша кеми басаған кезде үкімет ес жиып, 2026 жылы кепілді трансферт ретінде 2,77 трлн теңге ғана алуға бел буды. Сол кезде қорды сенімгерлікпен басқарып отырған Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов министрлер кабинеті бас банктің ұсынысымен келіскенін мәлімдеді.

«Нысаналы трансфертті кез келген жобаға бөле беруге болмайды. Бұл әлеуметтік-экономкалық әсері үлкен, ұлттық деңгейдегі жоба болуы шарт. Қаржы және Ұлттық экономика министрлігімен осы бюджет ережелерінің кепілдендірілген трансфертке ғана емес, Ұлттық қордан алынатын бүкіл қаржыға қатысты қолдану мәселесін талқылап, келісімге келдік», – деген еді Сүлейменов.

Өйткені 2026 жылы үкімет бюджетті салық есебінен жабуды көздеді. Биыл Салық кодексі күшіне еніп, қосылған құн салығының мөлшері өсіп, ҚҚС есебінен ел қазынасы 4,3 трлд теңгеге толықты.

Дегенмен, биыл жоспар күрт өзгерді. Алдағы 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сәйкес, кепілді трансферттен бөлек, нысаналы трансфер ретінде қосымша 5 трлн теңге алынбақ.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл ақша «аса маңызды инфрақұрылым жобаларына» жұмсалатынын айтты. Осылайша, қордан алынатын ақша қайта көбейіп, алдағы үш жылда 11,8 трлн теңгеге жуықтайды. Нәтижесінде 2029 жылға қарай қор қаржысы 70,6 млрд долларды құрамақ.

Осы ретте Kursiv.Media Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтен «үкімет пен Ұлттық банк 2030 жылға дейін қор қаржысын 100 млрд долларға жеткізу мақсатынан бас тартты ма» деп сұраған. Бас банкир ҰБ қорды тек сенімгерлік басқарумен айналысатынын айтып, сауалды үкіметке жолдауды ұсынды.

«100 млрд долларға жеткіземіз деген бағдарлама бар бізде. Бірақ ол үкіметтікі. Сондықтан сауалды үкіметке қойған жөн. Біз тек бар активтерді басқарамыз», -деді бас банкир.

A post shared by Курсив (@kursiv.media.kz)

Қазақстанның Ұлттық қоры 2000 жылы мұнайдан түскен табысты болашақ ұрпақ игілігіне жинау үшін құрылған. Қор активтерін Ұлттық банк басқарады. Ал бұл қаржының дұрыс әрі заңды жұмсалуын арнайы комиссия мен Ұлттық қорды басқару кеңесі қадағалайды. Бұл кеңесті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқарады.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
6 қыркүйек 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар