Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Игорь Лигай: «Жақсы төреші — жағдайды жылдам көріп, дұрыс шешім қабылдай алады»

kz.otyrar.kz

Игорь Лигай: «Жақсы төреші — жағдайды жылдам көріп, дұрыс шешім қабылдай алады»

Күрес — секундтар ішінде тағдыр шешілетін спорт. Бір ғана әдістің дұрыс бағалануы немесе байқалмай қалған сәт балуанның жарыстағы нәтижесіне әсер етуі мүмкін. Осындай жауапты сәттерде кілем үстіндегі төрешіден тек ережені жетік білу ғана емес, жылдамдық, зейін және психологиялық тұрақтылық та талап етіледі.

Қазақстандық Игорь Лигай бүгінде күрестен ең ірі халықаралық жарыстарда төрелік етіп жүрген мамандардың бірі. Ол бұған дейін Токио мен Париж Олимпиадаларында қызмет етті. Ал алдағы уақытта Жапонияда өтетін Азия ойындары мен Астанада ұйымдастырылатын әлем чемпионатында жұмыс істейді.

Алайда оның төрешілік жолы алдын ала жоспарланған жоқ. Жас кезінде өзі де күреспен айналысқан Игорь Лигай 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионатында жарақат алып, спорттық мансабын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Осы кезеңде әкесіне жаттықтырушылық жұмыста көмектесіп жүріп, шағын іріктеу жарыстарында төрешілік жасап көрді. Кейін бұл іс оның өміріндегі жаңа кәсіби бағытқа айналды. Уақыт өте келе Игорь Лигай халықаралық деңгейдегі тәжірибелі төрешілердің қатарына қосылып, әлемдік күрестің басты додаларында қызмет етуге мүмкіндік алды. Бүгінде ол тек төрелік етіп қана қоймай, жаңа буын мамандарын даярлауға да атсалысып жүр.

Тәжірибелі төрешімен төрелікке келу жолы, жанкүйерлердің қысымы, Олимпиада және әлем чемпиондарының белдесулеріндегі жауапкершілік, «челлендждің» төреші жұмысына әсері және халықаралық аренадағы қазақстандық мамандардың беделі туралы әңгімелестік.

Сіз UWW және АОК ұйымдарының нұсқаушысы да болып жұмыс істейсіз. Бұл қызметке қалай тағайындалдыңыз және жаңа буын төрешілеріне ең алдымен нені үйретесіз?

— Мен UWW ұйымының лицензиясы бар төреші-эдьюкаторымын (төреші-оқытушымын). Жаңадан бастаған төрешілерге арналған семинарларда біздің басты міндетіміз — оларға төрешілікке деген сүйіспеншілік пен қызығушылықты қалыптастыру, төрешінің ең қарапайым дағдыларын, лақтыруларды бағалауды және белдесу кезіндегі коммуникацияны үйрету.

UWW ұйымының даму бөлімі төрешілікте мол тәжірибесі бар төрешілерді таңдап, оларды эдьюкатор ретінде дайындау үшін арнайы курстар өткізеді. Осыдан кейін оларға әлемнің кез келген елінде оқыту семинарларын өткізуге мүмкіндік беретін лицензия беріледі.

Жанкүйерлер мен спортшылар тарапынан болатын сын мен қысымға қалай төтеп бересіз?

— О, бұл — ең өзекті мәселелердің бірі Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, көптеген балуан, жаттықтырушы және жанкүйер жеңілістен кейін кінәліні іздейді. Бұл тізімде кім бірінші орында деп ойлайсыз? Әрине, төреші. Әлеуметтік желілерде маған бірнеше рет балағат сөздер жазды, жемқор деп айыптады, тіпті қоқан-лоққы да жасады… Бұл — іс жүзінде әр төреші басынан өткеретін шындық. Барлығы кілем үстінде аяқтала бермейді. Сондықтан мұндай жағдайларды еңсеру үшін психологиялық тұрғыдан мықты болу керек. Әр адам өзіне айтылған сынға әртүрлі қарайды. Әдетте жанкүйерлердің айқайына мән бермеуге тырысамын. Дегенмен бұл бәрібір жағымсыз. Белдесу кезінде эмоцияға беріліп, зейінді жоғалтып алмау үшін өзіңді ұстай білуің керек.

Әлем және Олимпиада чемпиондарының белдесуіне төрелік ету қаншалықты қиын?

— Әрине, маңызды белдесулердің алдында кез келген төреші қобалжиды. Бірақ тәжірибелі әрі кәсіби төрешілердің ерекшелігі де осында — олар мұндай сезімді жеңе алады. Кілем үстінде жүргенде мен үшін ең маңыздысы — белдесуді дұрыс өткізу, қателіктерге жол бермеу. Себебі сол сәтте әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермен өздері жанкүйер болатын балуандардың белдесуін жіті бақылап отырады. Сондықтан мұнда қателесуге хақың жоқ.

Жарыс кезіндегі күн тәртібіңіз қандай? Қаланы аралауға уақыт бола ма?

— Әрине, жарыс өтетін қалалармен танысуға әрдайым мүмкіндік бола бермейді. Дегенмен барлық жерде достарым, әріптестерім бар. Олар қонақжайлық танытып, қаланың көрікті жерлерін көрсетіп, жергілікті ұлттық тағамдармен таныстырады. Әдетте жарыс тәртібі барлық жерде дерлік бірдей. Таңғы сағат 6-да оянып, жүгіруге шығамын немесе бассейнге барып жүземін. Өзімді жақсы спорттық формада ұстау және жақсы көріну мен үшін өте маңызды. Сағат 7-де таңғы ас ішемін. 7:30-да балуандарды өлшеуге шығамыз. Ол 8:00–8:30-да басталады. Бұл рәсім аяқталған соң, егер қонақүй жарыс өтетін жерге жақын болса, төрешілерді қонақүйге қайта апарады. Ал қонақүй алыста орналасса, бірден спорт кешеніне аттанамыз.

Сағат 9:30-да төрешілердің жиыны басталады. Онда күрделі жағдайлар талқыланып, жіберілген қателіктер сараланады және басқа да маңызды мәселелер қарастырылады. 10:30-да белдесулер басталады. Жарыс күні кешке дейін, шамамен 21:00-ге дейін жалғасады. 14:00-ден 16:00-ге дейін түскі асқа үзіліс беріледі. Содан кейін ғана шаршап қонақүйге ораласың. Шамамен 21:30-да кешкі ас ішіп, демаласың немесе ұйықтар алдында қалада аздап серуендеп қайтасың. Мұндай тәртіп жарысқа байланысты бір аптаға, кейде одан да ұзақ уақытқа созылады.

«Челленджден» кейін шешім өзгерсе, оны қалай қабылдайсыз?

— Жер бетінде қателеспейтін адам жоқ. Төрешілер «челленджден» ұтылып жатады, бұл — қалыпты жағдай. Әрине, бірақ мұндай жағдай тым жиі қайталанбауы керек (күлімсіреп). Мен бұған эмоцияға берілмей, қалыпты жағдай ретінде қараймын. Ең бастысы — жіберген қателігіңнің салдарынан белдесудің жеңімпазы өзгеріп кетпеуі қажет. Ал мұндай елеулі қателіктер қайталана берсе, төрешіге жаза қолданылып, тіпті төрешілік санаты төмендетілуі мүмкін.

Төрелік еткен ең есте қалған белдесуіңіз қайсы?

— Менің есімде қалған ең тартысты белдесулердің бірі 2023 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында болды. 60 келіге дейінгі салмақта финалда әлем чемпионы Жоламан Шаршенбеков (Қырғызстан) пен Олимпиада чемпионы Кеничиро Фумита (Жапония) кездесті. Белдесудің алғашқы минуттарынан-ақ екі балуан бірден белдесуге кірісіп, кезек-кезек әдемі әрі биік амплитудалы лақтырулар жасады. Залдағы көрермен бұған зор ықыласпен қол соғып отырды. Сол кездесуде спортшылар грек-рим күресінің сұлулығын көрсетті.

Қазақстандық төрешілердің халықаралық аренадағы беделін қалай бағалайсыз?

— Елімізде халықаралық санаттағы төрешілердің саны да, сапасы да жыл сайын артып келеді. Соның нәтижесінде төрешіліктің деңгейі де жақсаруда. Қазақстандық төрешілердің халықаралық аренадағы беделіне келсек, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарына қарап, біздің ел бұл бағытта әлемнің алдыңғы қатарында деп сеніммен айтуға болады.

Қазақстан чемпионаттарындағы төрешілік деңгейі қандай?

— Қазақстан чемпионаттарына еліміздегі барлық халықаралық санаттағы төрешілер міндетті түрде шақырылады. Олардың саны 40-тан асады. Чемпионаттардың алдында ұйымдастырылатын төрешілер семинарлары мамандардың білімін жетілдіріп, төрелік ету сапасын арттыруға үлкен ықпал етеді. Биыл мамыр айында Алматыда өткен Қазақстан кубогына шетелдік бейтарап төрешілер де шақырылды. Олар қазақстандық әріптестерінің кәсіби деңгейін жоғары бағалады. Өз кезегінде, қазақстандық төрешілерді де шетелдегі жарыстарға жиі шақырады. Бұл — олардың біліктілігіне деген сенімнің және кәсіби шеберлігінің жоғары екенін көрсетеді.

Кілем үстінде дұрыс шешім қабылдау үшін қандай қасиеттер қажет?

— Шешім қабылдау тек тәжірибеге байланысты емес. Тәжірибе төрешіге жылдамдық пен сенімділік береді. Бірақ дұрыс шешім қабылдау үшін қосымша қасиеттер де қажет: зейін, ережелерді білу, жағдайды жылдам талдай алу және психологиялық тұрғыдан тұрақты болу өте маңызды. Тәжірибе жағдайды жылдам көруге көмектеседі, ал білім спортшылар, жаттықтырушылар мен көрерменнің қысымы болған күрделі сәтте дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Сондықтан жақсы төреші — көп жыл бойы төрелік еткен адам ғана емес. Жақсы төреші — жағдайды жылдам көріп, дұрыс бағалап, сенімді түрде дұрыс шешім қабылдай алатын адам.

Төлеген Абдрасилов

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
4 қыркүйек 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар