Ұлттық брендтен дипломатиялық тартуға дейін: президент тазыны неге ерекше құрметтейді
Қазақ халқы үшін жеті қазынаның бірі саналатын тазы тұқымы соңғы жылдары мемлекеттік дипломатияның да маңызды символына айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы ит тұқымын сақтап, көбейтуге және оны халықаралық деңгейде танытуға жеке қолдау көрсетіп келеді, деп жазады Kursiv.Media
Президенттің бастамасымен тазы құмайы жоғары деңгейдегі халықаралық кездесулердің көркіне айналды.
2024 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға келген Франция президенті Эмманюэль Макронға Жюль және Жанна есімді екі тазы күшігін сыйға тартқан болатын.
Кейін, 2024 жылдың қарашасында Парижге сапары кезінде қос мемлекет басшысы Елисей сарайының бағында өсіп қалған тазылармен бірге серуендеді.
2024 жылы Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстанға сапары аясында мәдени шаралар өтіп, мәртебелі меймандарға алтын артефакттармен бірге қазақ тазылары таныстырылды.
2025 жылы Түркіменстан Халк Маслахатының төрағасымен «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі аймағындағы ұлттық-мәдени кешенге барғанда да тазылар мен алғыр құстардың шеберлігі көрсетілді.
Президенттің өзі де бұл асыл тұқымға ерекше ықыласпен қарайды. Тоқаевтың Нэнси және Наурыз есімді тазылары бар. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергенге де тазы күшігін сыйға тартқан. Әнші Президент сыйлаған тазысына «Ғарышкер» деген есім бергенін айтқан болатын.
Президент тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары елімізде қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы арнайы заң қабылданды. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Халықаралық кинология федерациясының (FCI) толыққанды мүшелігіне өтті. 2024 жылдың қыркүйегінде Халықаралық кинология федерациясы қазақ тазысын дербес тұқым ретінде ресми түрде алдын ала мойындап, Қазақстанды осы тұқымның отаны деп бекітті. Енді жыл сайын 3 қыркүйекте «Қазақ тазысы мен төбеті күні» атап өтіледі.
- Соңғы
- Қыркүйек, 03
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
4 қыркүйек 2026