Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

WhatsApp аккаунттары неге бұғатқа түсіп жатыр?

kz.otyrar.kz

WhatsApp аккаунттары неге бұғатқа түсіп жатыр?

Қазақстанда WhatsApp әлдеқашан күнделікті қарым-қатынастың негізгі құралдарының біріне айналды. Туыстармен сөйлесу, жұмыс мәселесін талқылау, құжат жіберу, қызмет көрсету, тіпті шағын бизнесті жүргізу де осы мессенджерге тәуелді. Сондықтан WhatsApp аккаунтының бұғатталуы бүгінде жай ғана қосымшаның уақытша істемеуі емес. Кей жағдайда ол адамның жұмысынан, клиенттерімен байланысынан немесе маңызды ақпараттан айырылуына әкелуі мүмкін.

Алайда мессенджердің кең таралуы оны алаяқтардың да басты нысанасына айналдырды. Жалған хабарламалар, фишингтік сілтемелер, бөтен адамның атынан жазу, жаппай спам тарату сияқты әрекеттердің алдын алу үшін WhatsApp автоматтандырылған қауіпсіздік жүйелерін қолданады. Мәселе осы жерде басталады: алаяқты дер кезінде анықтауға арналған алгоритм кейде қарапайым қолданушыны да күдікті ретінде қабылдауы мүмкін.

Қауіпсіздік жүйесі қателескенде

2026 жылғы 3 тамызда WhatsApp қолданушылары әлемнің әр түкпірінен аккаунттарының күтпеген жерден бұғатталғанына шағымданды. Қазақстандық пайдаланушылар да бұл жағдайдан тыс қалған жоқ. Қолданушылардың бір бөлігі мессенджерді әдеттегідей пайдаланып отырған кезде аккаунты тексеруге жіберілгенін, ал экранда аккаунт белсенділігі мен құрылғы туралы ақпараттың WhatsApp талаптарына сәйкестігі қаралып жатқаны туралы хабарлама пайда болғанын жазды. Тексеру әдетте 24 сағатқа дейін созылатыны көрсетілген.

Бұл жерде маңызды жайт бар: мәселе Қазақстанға ғана тән болған жоқ. Meta компаниясы жағдайды мойындап, кейбір аккаунттардың қателесіп бұғатталғанын жанама түрде растады. Компания өкілі қауіпсіздік жүйелері сервисті теріс пайдаланатын аккаунттарды анықтауға бағытталғанын, алайда «кейде қателесетінін» және осындай жағдайда қолжетімділікті мүмкіндігінше жылдам қалпына келтіруге тырысатынын мәлімдеді. Яғни мәселенің түпкі өзегі — қауіпсіздік жүйесінің бар-жоғында емес, оның қателесу ықтималдығында.

«Жалған оң нәтиже» кімге тиеді?

Цифрлық платформалар үшін бұл жаңа проблема емес. Автоматтандырылған модерация жүйесі миллиондаған аккаунттың әрекетін бір мезетте бақылауға мүмкіндік береді. Бірақ алгоритм нақты адамның ниетін толық түсіне алмайды. Ол белгілі бір әрекеттердің жиынтығын күдікті деп бағалайды. Мысалы, бір қолданушы қысқа уақыт ішінде көптеген адамға хабарлама жіберуі мүмкін. Бұл бизнес иесі үшін қалыпты әрекет болуы ықтимал. Ал алгоритм үшін ол жаппай хабарлама тарататын спам-аккаунтқа ұқсайды. Сол сияқты жаңа құрылғыдан кіру, аккаунтты қайта тіркеу, бірқатар техникалық өзгерістер немесе әдеттен тыс белсенділік те қауіпсіздік жүйесінің назарын аударуы мүмкін. Осылайша, алаяқтарды анықтауға бағытталған механизмнің екінші жағы пайда болады: жүйе шынайы алаяқты өткізіп алмау үшін қарапайым қолданушыны да күдікті ретінде қабылдауы мүмкін.

Meta-ның өзі тамыз айындағы оқиғада осындай қателіктер болғанын мойындады. Ал Meta-ның Oversight Board кеңесі бұған дейін компанияның аккаунттарды бұғаттау тәжірибесінде ашықтықтың, бірізділіктің және шағымдану мүмкіндігінің жеткіліксіздігіне қатысты жүйелік мәселелер барын атап өткен. Бұл WhatsApp мәселесін бір ғана техникалық ақау ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін көрсетеді. Мұнда цифрлық платформалардың қолданушы алдындағы жауапкершілігі туралы үлкен мәселе бар.

«24 сағат күтіңіз» деген жауап жеткілікті ме?

Бұған дейін аккаунты тексеруге кеткен қолданушыға кемінде не болып жатқанын түсіндіретін хабарлама көрсетілетін. Қолданушы техникалық қолдау қызметіне жүгініп, аккаунтын қайта қарауды сұрай алатын. Алайда соңғы кездері әлеуметтік желілерде бұғатталған аккаунтын қайта тіркеуге тырысқанда растау коды келмей қалғанын немесе бұрынғы аккаунтқа қол жеткізудің мүмкін болмай отырғанын айтатын шағымдар да кездеседі. Қазақстандық қолданушылар арасында мәселені шешудің әртүрлі жолын ұсынатындар көбейді: SIM-картаны шығарып көру, VPN пайдалану, аккаунттың тіркелген аймағын өзгерту немесе ақылы «қалпына келтіру» қызметтеріне жүгіну. Дәл осы жерде екінші қауіп пайда болады.

Алаяқтан қорғанамын деп, басқа алаяққа тап болу

Аккаунты бұғатталған адам, ең алдымен, тез арада шешім іздейді. Оның WhatsApp-тағы жұмыс байланыстары, клиенттері немесе туыстарымен сөйлесетін арналары жабық тұр. Осындай жағдайда интернеттен «аккаунтты ашып беремін», «блоктан шығарамын», «WhatsApp кодын қалпына келтіремін» деген ақылы ұсыныстардың пайда болуы заңды.

Бірақ мұндай қызметтердің барлығын қауіпсіз деп қабылдауға болмайды. Ең қауіптісі — аккаунтты қайта тіркеу немесе растау кезінде келетін бір реттік кодты бөгде адамға беру. Өйткені дәл осы кодты сұрау арқылы алаяқтар аккаунтты өз құрылғысына тіркеп алуға әрекет жасауы мүмкін. Сондықтан WhatsApp аккаунты бұғатталған кезде мәселені шешудің бейресми жолдарын іздеу жағдайды одан әрі күрделендіруі ықтимал. VPN қолдану немесе елді өзгерту сияқты кеңестердің де мәселені міндетті түрде шешетініне кепілдік жоқ. Керісінше, қолданушы өзінің нақты жағдайын түсінбей тұрып аккаунт параметрлеріне көп өзгеріс енгізсе, қосымша техникалық қиындыққа тап болуы мүмкін.

Бұл WhatsApp үшін де сенім мәселесі

WhatsApp-тың қауіпсіздік шараларын күшейтуге ұмтылысы түсінікті. Meta-ның мәліметінше, платформа күн сайын алаяқтық пен теріс пайдалануға қарсы жүйелерін жетілдіріп келеді. 2026 жылғы маусымда компания миллиондаған аккаунтты бұғаттағанын хабарлаған, бұл автоматтандырылған қауіпсіздік механизмдерінің ауқымын көрсетеді. Бірақ мәселе бұғатталған аккаунттардың санында емес, қателесіп бұғатталған қолданушының өз аккаунтына қайта кіру мүмкіндігінің қаншалықты оңай екенінде.

25 тамызда WhatsApp аккаунт қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа функцияларды, соның ішінде жетілдірілген екі сатылы тексеру мен бірнеше passkey қолдану мүмкіндігін жариялады. Бұл компанияның қауіпсіздік мәселесін күн тәртібінде ұстап отырғанын көрсетеді. Дегенмен қауіпсіздікті күшейту мен қолданушыға қолжетімділікті сақтау арасында тепе-теңдік болуы қажет. Егер жүйе алаяқты бұғаттаса — ол өз міндетін орындады. Ал егер адал қолданушыны бұғаттап, кейін оған нақты себеп түсіндірілмесе және мәселені шешудің түсінікті жолы берілмесе, онда қауіпсіздік механизмі өз мақсатына қарама-қайшы нәтиже беруі мүмкін.

Қазақстан үшін мәселе неге маңызды?

Қазақстанда WhatsApp-тың әлеуметтік және экономикалық маңызы жоғары болғандықтан, мұндай жағдайдың салдары жеке адамның шеңберінен шығып кетеді. Көптеген кәсіпкерлер клиенттермен байланысын мессенджер арқылы жүргізеді. Мұғалімдер, дәрігерлер, қызмет көрсетушілер, курьерлер, шағын бизнес өкілдері де WhatsApp-ты жұмыс құралы ретінде пайдаланады. Сондықтан аккаунттың бір күнге, тіпті бірнеше сағатқа жабылуының өзі кей адам үшін қаржылық шығынға айналуы мүмкін. Бұл ретте қолданушының бір ғана мессенджерге шамадан тыс тәуелділігі де байқалады. Егер барлық маңызды байланыс бір аккаунтқа байланған болса, сол аккаунттың бұғатталуы адамның цифрлық өміріндегі тұтас бір коммуникациялық арнаны өшіреді. Демек, мәселе WhatsApp-тың техникалық ақауында ғана емес. Ол қоғамның белгілі бір цифрлық сервиске қаншалықты тәуелді болып қалғанын да көрсетіп отыр.

Не істеу керек?

Біріншіден, қолданушылар WhatsApp-тың тек ресми нұсқасын пайдаланғаны жөн. Күмәнді қосымшалар мен бейресми клиенттер қауіпсіздік жүйесінің назарын аударуы мүмкін. Екіншіден, аккаунт бұғатталған жағдайда интернеттегі кез келген «аккаунт ашып беремін» деген ұсынысқа сене беруге болмайды. Әсіресе SMS арқылы келген растау кодын ешкімге жіберуге болмайды. Үшіншіден, маңызды жұмыс байланыстарын бір ғана мессенджерге тәуелді етпеу керек. Электрондық пошта, телефон қоңырауы немесе басқа заңды коммуникация арнасы резерв ретінде болғаны дұрыс.

Әзірге мәселенің нақты себебі мен шешімі бойынша ресми түсініктеме күткен дұрыс. WhatsApp тарапынан ресми жауап берілгенше, аккаунтты қайта-қайта тіркеуге тырыспауға, күмәнді «ақылы көмек» ұсынатындарға жүгінбеуге және растау кодын ешкімге бермеуге кеңес береміз.

Төлеген Абдрасилов

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
4 қыркүйек 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар