Қазақстан елдегі алғашқы АЭС операторына 818 млрд теңге бөледі
Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысына алдағы үш жылда республикалық бюджеттен 818,3 млрд теңге бөлінбек. Бұл шамамен 1,7 млрд АҚШ долларына тең, деп жазады Kursiv.Media.
2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасына сәйкес, бұл қаржы «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің жарғылық капиталына үш траншпен құйылады. 2027 жылы 247,9 млрд теңге, 2028 жылы 303,1 млрд теңге және 2029 жылы тағы 267,3 млрд теңге бағытталады.
Бұл бюджеттік бағдарламаның әкімшісі — ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі. Ведомствоның жалпы бюджеті 927,9 млрд теңгені құрайды. Бұл сомаға жоғарыдағы жобадан бөлек екі бағдарлама кіреді. Олар: аппаратты ұстап тұру шығыны (жылына 2,8 млрд теңге) мен «Атом және энергетика жобаларын дамыту» бағдарламасы (үш жылға 101,2 млрд теңге).
ҚАЭС капиталына құйылатын қаржы бюджеттің «Шығындар» бөліміне жатпайды. Ол IV бөлім — «Қаржылық активтермен жасалатын операциялар сальдосы» бойынша өтеді. Нақты айтқанда, бұл ақша 2027 жылға арналған бюджеттің 30,2 трлн теңгелік ағымдағы шығынына кірмейді. Дегенмен, ол да бюджет тапшылығы мен сырттан алынатын қарыздар есебінен қаржыландырылады.
Үш жылда қаржылық активтерді сатып алу көлемі 1,45 трлн теңгені құрайды. Ондағы АЭС үлесі өте жоғары:
Яғни, 2028–2029 жылдарға қарай квазимемлекеттік секторға бөлінетін мемлекеттік инвестиция толығымен дерлік осы жалғыз жобаға жинақталады. Салыстыру үшін айтсақ: осы үш жылда жылумен қамту жүйелерін дамытуға бары-жоғы 92,6 млрд теңге, ал жылу мен электр энергетикасын дамытуға 104,5 млрд теңге қарастырылған.
Заң жобасының 7-қосымшасында әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша мақсатты көрсеткіштер мен соңғы нәтижелер жазылған. Бірақ Атом энергиясы агенттігі бойынша мұнда тек 002 бағдарламасы көрсетілген. Онда атом ғылымының өнімділігі (2027 жылы 3%, 2029 жылы 3,13%) мен радиациялық қауіпті аумақтарды зерттеу үлесі ғана бар.
Ал 818,3 млрд теңге бөлінетін ең ірі 004 бағдарламасы («ҚАЭС жарғылық капиталын арттыру») 7-қосымшада мүлде жоқ. Мақсатты индикаторлар да, түпкілікті нәтижелер де көрсетілмеген. Соған қарамастан, заң жобасының түсіндірме жазбасында «әрбір шығыс бағыты нақты көрсеткіштермен қамтамасыз етілген» деп жазылған.
Алғашқы АЭС Балқаш көлінің оңтүстік жағалауындағы Үлкен ауылының жанында салынады. Жоба «Балқаш» деген атау алды. Ол жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын екі ВВЭР-1200 энергоблогынан тұрады. Бас мердігер — «Росатом» бастаған консорциум.
Аймақта зерттеу жұмыстары 2025 жылдың тамызында басталды. Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бетон құю 2027 жылы басталып, құрылыс 2037 жылы аяқталады.
2026 жылдың мамырында Сәтқалиев жобаның жалпы құны 16,4 млрд доллар болатынын айтты. Бұл сомаға қорғаныс пен әлеуметтік инфрақұрылымға кететін 2 млрд доллар да кіреді. Сәуір айында ол қаржыландыру «85 де 15» формуласымен жүретінін хабарлаған еді.
Қаржының басым бөлігін Ресейдің мемлекеттік экспорттық кредиті жабады, ал қалғанын Қазақстан үкіметі төлейді. Жоба құны 15 млрд доллар болса, ресейлік қарыз 12,75 млрд долларды, ал Қазақстанның өз жарнасы 2,25 млрд долларды құрайды.
Осы тұрғыдан алғанда, үш жылда бөлінетін 818,3 млрд теңге — Қазақстан тарапының негізгі сомасы сыңайлы.
2026 жылғы 3 қыркүйекте, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатомның» еншілес кәсіпорны «Атомстройэкспорт» АҚ арасында АЭС жобалау және салу бойынша келісімшартқа қол қойылды.
Келешекте не болмақ?
Балқаш станциясы — жалғыз атом жобасы емес. «Мойынқұм» деп аталатын екінші АЭС де Балқашта салынады деп жоспарланған. Бұл жоба бойынша қытайлық CNNC компаниясы басты серіктес ретінде қарастырылып отыр.
Сондай-ақ Сәтқалиев алыс болашақтағы алаңдарды да атап өтті. Олар: Абай облысындағы Курчатов, бұған дейін БН-350 реакторы жұмыс істеген Ақтау және 20–30 жылдан кейін станция салынуы мүмкін Қостанай өңірі.
- Соңғы
- Қыркүйек, 03
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
4 қыркүйек 2026