Ұлдана Мырзуан соты: прокурор Сәуле Жұбаниязованы 2 жылға соттауды сұрады
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процессінде жарыссөздер басталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Мемлекеттік айыптаушы Саяжан Серікова іс бойынша сотталушы қайғылы жағдай болған Тәуелсіздік даңғылы, 24Б үйінің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты айыптауын оқыды. Оған өз міндеттерін тиісінше орындамады деген айып тағылған. Ол өз кінәсін мойындамады.
Прокурордың айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада үйдің қасбеті опырылып, бірнеше адам зардап шеккен. Зардап шеккендерге көмек көрсетуге барған жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да екінші опырылу кезінде ауыр жарақат алып, 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
«Басты сұрақ бұл трагедия не себепті болды және тиісті міндеттер дұрыс орындалған жағдайда оның алдын алуға болар ма еді?», – деді мемлекеттік айыптаушы Саяжан Серікова.
Айыптау тарапының мәліметінше, үйдің қасбеті кондоминиумның ортақ мүлкіне жатады. Сондықтан МИБ төрайымы оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін қажетті тексеру мен жөндеу жұмыстарын ұйымдастыруы тиіс болған.
Прокурор 2017 жылғы техникалық қорытындыда қасбетке жөндеу қажет екені көрсетілгенін атап өтті. Сараптамаға сәйкес, қасбеттің бұзылуы кенеттен болмаған, процесс белгілі бір уақыт бойы дамыған.
Сотта мемлекеттік айыптаушының айтуынша, жауапты тұлға ғимараттағы ақауларды анықтап, тиісті шаралар қабылдаған жағдайда қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік болған.
Мемлекеттік айыпталушы сотталушы Сәуле Жұбаниязованы кінәлі деп танып, 2 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Айыптау тарапы Сәуле Жұбаниязованы Қылмыстық кодекстің 254-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрайды. Сонымен қатар 3 жыл мерзімге кондоминиум нысандарын басқару қызметімен айналысу құқығынан айыру қажет. Сотталған адам пробациялық бақылауда болуы керек», – деді прокурор.
Осыған дейін қасбеті құлаған үйді салған компанияға неге іс қозғалмағанын жазғанбыз.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
24 қыркүйек 2026