«Жалақы алмаймыз»: Наталья Дементьева Халық кеңесінің міндетін айтып берді
Халық кеңесінің мүшесі Наталья Дементьева кеңестің алдағы жұмысы, халықпен байланыс және Құрылтайда көтерілген бастамаларды жалғастыру жоспары туралы айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Оның сөзінше, Халық кеңесінің алғашқы сессиясына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы кеңестің маңызын арттыра түсті.
«Жалпы, кеше Қазақстан Халық кеңесінің бірінші сессиясы өтті. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысты. Президенттің Халық кеңесінің отырысына қатысуы біз үшін үлкен қуаныш болды. Меніңше, Мемлекет басшысының келуі Халық кеңесінің мәртебесін арттырады», – деді Наталья Дементьева.
Оның айтуынша, кеңес мүшелерінің әрқайсысының өз саласында тәжірибесі бар. Сондықтан алдағы уақытта бұл тәжірибені халықтың мәселелерін шешуге бағыттау маңызды.
«Ең бастысы – Халық кеңесінің құрамында өз ісінің мамандары, шеберлері, кәсіби мамандары бар. Олардың әрқайсысының өз саласында үлкен жұмыс тәжірибесі қалыптасқан. Сол тәжірибені ескере отырып, жұмысымызды қарқынды жүргіземіз деп ойлаймын. Біз түрлі комитеттерге бөлініп, әрқайсымыз өзімізге тиісті сектор бойынша жұмыс істейміз», – деді кеңес мүшесі.
Наталья Дементьева Халық кеңесінің негізгі міндеттерінің бірі халықпен тікелей байланыс орнатып, тұрғындардың мәселелерін тиісті деңгейге дейін жеткізу екенін атап өтті.
«Біздің міндетіміз халықпен тікелей байланыста болып, тұрғындардың сауалдарын қабылдап, оларды заңнамалық деңгейге дейін жеткізу. Министрліктермен де бірлесіп жұмыс істейміз. Әрине, бұл қоғамдық жұмыс. Бірақ бәріміз өз міндетімізді түсінеміз. Яғни халықтың мәселесін шешуге дейін жеткізуіміз керек. Мақсатымыз – осы», – деді ол.
Кеңес мүшесі Мәжілісте көтерген бірқатар мәселелерді Халық кеңесі аясында да жалғастыруды жоспарлап отырғанын айтты. Оның ішінде әлеуметтік мәселелермен қатар, риэлторлық қызметке қатысты заң жобасы да бар.
«Мәжілісте көтерген мәселелеріміздің бәрі бар. Өздеріңіз білесіздер, белгілі бір тәжірибеміз қалыптасты. Сондықтан түрлі мәселелер бойынша сауалдар бар, соларды шешуге тырысамын. Бұдан бөлек, әлеуметтік мәселелерге қатысты да бірнеше сауал бар. Бірқатар заң жобалары бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Соның ішінде делдалдық қызметке, яғни риэлторлық қызметке қатысты заң жобасы бар. Осы жұмысты бастап кеткен едім. Енді мүмкіндігінше осы мәселені соңына дейін жеткізіп, заңға енгізуге тырысамын», – деді Наталья Дементьева.
Сонымен қатар ол әскери қызмет жағдайына қатысты мәселелерге де назар аудармақ. Оның айтуынша, ұлының әскерде болғаны бұл саланың проблемаларын ана ретінде жақынырақ түсінуге мүмкіндік берген.
«Бұдан басқа, балам әскерден келгенін естіген шығарсыздар. Ол әскери бөлімде болған кезеңінде түрлі жағдайларды өз басынан өткерді. Ана ретінде де, ел азаматы ретінде де әскери саладағы жағдайды білемін. Сондықтан әскери қызмет жағдайын жақсартуға бағытталған мәселелер бойынша да жұмыс істегім келеді», – деді Халық кеңесінің мүшесі.
Халық кеңесінің төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланды. Ал олардың жұмысына 1,7 млрд теңге бөлінбек.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
24 қыркүйек 2026