Ресейде соғысқа тартылған қазақстандықтардың алғашқысы елге оралды
Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін Украинадағы соғысқа тартылған қазақстандықтардың алғашқысы елге оралды. 13 Қазақстан азаматы әскери міндеттен босатылып, олардың елге қайтуына құқықтық кедергілер жойылды. Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv Media.
Заңгердің айтуынша, Ресейдегі соғыс аймағында қалған қазақстандықтарды елге қайтару мәселесінде оң шешім қабылданған. Атап айтқанда, 13 азамат әскери міндеттен босатылған.
Мейірман Шекеев Instagram парақшасында бұл жаңалықты жариялап, азаматтарды елге қайтаруға атсалысқан мемлекеттік органдарға алғыс білдірді.
«Бұл қуанышты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Көңіл толқығанда не айтарыңды да білмей қалады екенсің… Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Сыртқы істер министрлігінің осы іске атсалысқан әрбір өкіліне және осы балалардың елге аман-есен оралуына титтей де себепші болған барша азаматтарға ата-аналардың атынан және өз атымнан шын жүректен алғысымды білдіремін», – деп жазды ол.
Заңгер бұл шешімді ұзақ уақыт бойы балаларының тағдырына алаңдаған ата-аналар үшін маңызды жаңалық деп бағалады.
«Бұл – жай ғана қайту емес. Бұл – ата-ананың көз жасы, отбасының үміті, Қазақстан азаматтарының елге оралуы. Осы балалардың әрқайсысы бүгін өз жерінде, өз елінде, өз ата-анасының жанында болуы үшін еңбек еткен барша азаматтарға мың алғыс!» – деді Шекеев.
Ол сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Сыртқы істер министрлігіне және басқа да құзырлы мемлекеттік органдарға ата-аналар атынан ризашылығын білдірді.
A post shared by ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ (@meir_halyq_zangeri)
Бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге барған 14 қазақстандықтың Украинадағы соғыс аймағына тап болғаны белгілі болған еді. Олардың туыстарының айтуынша, азаматтар жұмысқа орналасуға қатысты құжаттарға қол қойғаннан кейін әскери қақтығыс аймағынан бір-ақ шыққан.
Кейін олар туыстарына видеоүндеу жолдап, Қазақстан билігінен көмек сұраған. Ал азаматтардың ата-аналары Сыртқы істер министрлігінің ғимаратына барып, балаларын елге қайтаруға жәрдемдесуді өтінген.
Осы мәселеге қатысты Құрылтай кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев қазақстандықтардың соғыс аймағына қалай тап болғаны анықталып жатқанын мәлімдеген.
«Қазақстан азаматтарының қақтығыс аймағына қалай тап болғаны әзірге белгісіз. Қазір бұл жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Құжаттарға қол қойылған болып отыр. Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіліп, азаматтардың отбасыларымен байланыс орнатылып жатыр», – деген еді Ашықбаев.
Министрдің бірінші орынбасары әр азамат қол қоятын құжаттарымен мұқият танысуы керектігін айтқан. Дегенмен қазақстандықтардың алдау арқылы соғыс аймағына тартылуы мүмкін екенін де жоққа шығармаған.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қазан, 21
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
22 қазан 2026