Эбола індеті төрт елге тарады
2026 жылғы мамырда Конго Демократиялық Республикасында басталған Эбола безгегінің өршуі тағы төрт елге тарады. Елдің өзінде 9,5 мыңнан астам адам вирус жұқтырған, олардың 4,6 мыңнан астамы қайтыс болған деп жазады Kursiv Media.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, бұл – тарихтағы ең жылдам тараған Эбола індеті. Қазір ауру Орталық, Шығыс және Батыс Африка елдерінде, сондай-ақ Францияда тіркелген. Індеттің өршуіне Эбола вирусының сирек кездесетін Бундибуджио түрі себеп болған. Бұл вирусқа қарсы мақұлданған вакцина да, арнайы емдеу әдісі де жоқ.
Вирус жұқтырған әзірге соңғы науқас Нигерияда расталды. Ауру Угандадан ел астанасы Абуджаға келген әйелден анықталған. Оның бойында алғашқы белгілер 7 қазанда пайда болып, 11 қазанда жеке клиникаға жатқызылған.
Нигерияның денсаулық сақтау министрі Мұхаммад Пате дәрігерлер науқаспен байланыста болған 44 адамды анықтағанын хабарлады. Қазір билік вирустың одан әрі таралуына жол бермеу үшін шаралар қабылдап жатыр.
Угандада Эбола індеті көршілес Конгодағы жағдаймен қатар, мамыр айында тіркелген. Елде 20 адам вирус жұқтырған, оның екеуі қайтыс болған. Қалған 18 науқас сауығып кеткен. 27 тамызда ДДСҰ Угандадағы індеттің аяқталғанын жариялады. Содан бері елде жаңа жағдайлар анықталмаған.
Ал Кенияда вирус жұқтырғандар саны тоғызға жетті. Олардың арасында алғашқы науқастың төрт туысы мен төрт медицина қызметкері бар. Билік науқастармен байланыста болған 135 адамды анықтады. Олардың 134-і карантинге алынған.
Африкадан тыс жерде вирус Францияда тіркелді. Маусым айында Конгода гуманитарлық миссияға қатысып, елге оралған дәрігерден Эбола анықталған. Ол емделіп, сауығып шыққаннан кейін 4 шілдеде ауруханадан шығарылды.
- Соңғы
-
-
-
- Қазан, 21
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
22 қазан 2026