Атырауда Жайық өзені арқылы жаңа көпір салынуы мүмкін
Атырау билігі 1965 жылы салынған Орталық көпірді қайта жаңғырту немесе оның орнына жаңа өткел салу нұсқаларын қарастырып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлауынша, әкім Болат Ақшолақов көпірді аралап көріп, оның тіректері мен негізгі конструкцияларын қосымша тексеруді және екі нұсқаның да техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді тапсырды.
ҚазжолҒЗИ-дың алдын ала қорытындысы бойынша, көпір апатты жағдайда емес, бірақ жөндеуді қажет етеді. Ол ескі стандарттарға сай салынған, ал қазіргі көлік ағыны әлдеқайда көп. Мамандар нысанның жүк көтеру қабілеті мен қауіпсіздік деңгейін бағалайды. Шешім қабылдауда Жайықтың екі жағалауы арасындағы көлік қозғалысын тоқтатпау басты назарда болады.
Айта кетейік, биыл көпірге жаңа асфальт төселгенімен, зауыттың бөлшектерді уақытында дайындамауына байланысты деформациялық жіктерді ауыстыру 2027 жылдың көктеміне шегерілген. Себебі бұл жұмыстар ауа температурасы +20 градус болғанда ғана жүргізіледі. Қазір мамандар көпірді бүлінуден сақтау үшін жіктердің тығыздығын уақытша қалпына келтіру жолдарын іздестіруде.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
13 қараша 2026