Қазақстандағы тау-кен өндірісінің қалдықтары 69 млрд тоннаға жетті
Қазақстанда жиналған техногендік минералдық түзілімдердің (ТМТ) жалпы көлемі 69 млрд тоннаға бағаланады. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрында осындай 1 833 нысан есепке алынған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы Иран Шархан депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, тау-кен өндірісінің қалдықтарының басым бөлігі аршу, дайындық және тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде алынған жыныстардан тұрады.
2025 жылы Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына ТМТ нысандарының 1 110 паспорты енгізілген. Ал 2026 жылдың басында олардың жалпы саны 1 833-ке жеткен.
Техногендік минералдық түзілімдерді есепке алу және қайта өңдеуге тарту жұмыстары бірнеше құжат аясында жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, бұл бағыттағы шаралар ТМТ-ны шаруашылық айналымға енгізу жөніндегі жол картасына және 2023–2027 жылдарға арналған сирек және сирек жер металдары саласын дамыту жоспарына енгізілген.
Осы жұмыстар қазірдің өзінде атқарылып жатқандықтан, министрлік қосымша жұмыс тобын құрудың қажеті жоқ деп есептейді.
Жол картасына сәйкес, ТМТ нысандарының, соның ішінде иесіз объектілердің цифрлық тізбесі жасалады. 2026 жылғы желтоқсанда далалық жұмыстарға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарланған.
Ал 2027–2029 жылдары иесіз техногендік минералдық түзілімдерге далалық зерттеу жүргізіліп, картаға түсіріледі.
Министрлік дерегінше, 2024 жылғы есепке алу материалдарында 237 нысан мемлекеттік ТМТ ретінде көрсетілген. Ал 2026 жылғы 1 қыркүйектегі картографиялық салыстыру нәтижесінде 44 нысан жер қойнауын пайдаланудан бос объектілер қатарына жатқызылған.
Мемлекеттік техногендік минералдық түзілімдерді игеру үшін жаңа келісімшарттар жасалмайды. Себебі Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексіне сәйкес, жер қойнауы құрамына енгізілген мемлекеттік ТМТ-ны өндіру құқығы лицензия негізінде беріледі.
Ал аукцион өткізу көзделген учаскелер бойынша лицензиялар сауда-саттық қорытындысы бойынша рәсімделеді. Жол картасында мұндай аукциондарды 2026–2029 жылдары өткізу жоспарланған.
Дегенмен әр учаскені игеру мүмкіндігі оның құқықтық мәртебесі расталып, шекаралары нақтыланғаннан кейін ғана қаралады. Сонымен бірге қолданыстағы жер қойнауын пайдалану құқықтары, геологиялық деректердің жеткіліктілігі және жер мен экологияға қатысты шектеулер тексеріледі.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
13 қараша 2026