Ақтөбеде дәмхана жарылды
13 қарашада сағат 10:28-де Ақтөбе қаласындағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы жарылды деп жазады Kursiv Media aqtobe_sergek парақшасына сілтеме жасап.
Оқиға бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында болған. Жарылыс салдарынан дәмхананың жапсарлас салынған бөлігі опырылып, артынша өрт шыққан. Сондай-ақ жарылыс толқыны тұрғын үйдің терезе конструкцияларын зақымдаған.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиғадан екі адам зардап шеккен. Оларды жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізген. Қаза тапқандар жоқ. Өрт сөндірушілер жалынды сағат 10:53-те толық сөндірген.
Қазір жарылыстың себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.
Осыған ұқсас жағдай биыл ақпанда Щучинскте де болған еді. 27 ақпанға қараған түні Ақмола облысы Бурабай ауданында бес қабатты тұрғын үйде орналасқан дәмханада газ жарылды.
Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті оқиғадан 28 адам зардап шеккенін хабарлады. Бастапқыда жарылыстан 7 адам қайтыс болды. Наурыздың басында жарақат алған екі адам қайтыс болды. Сәуірде қайтыс болғандардың саны 12 адамға жетті.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
13 қараша 2026