Kyzdar.net ісі: Жеңгетайлық жасаған күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды
Қазақстанда трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жеңгетайлық жасады деген күдікке ілінген Өзбекстан азаматы Грузиядан экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Тергеу мәліметінше, күдікті ұйымдасқан топтың басқа мүшелерімен бірге жезөкшелікпен айналысатын және сексуалдық қызмет көрсететін адамдардың сауалнамаларын Kyzdar.net сайтына орналастырумен айналысқан.
Олар сайттағы сауалнамаларды толықтыруға өтінім қабылдап, ақылы сексуалдық қызметтерді жарнамалап, клиент тартуға көмектескен. Түскен ақшадан комиссиялық сыйақы ұстап қалып, қалған бөлігін сайт әкімшілеріне аударып отырған. Осылайша заңсыз схеманың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен.
Қылмыстық топтың бірқатар мүшесі бұған дейін сотталып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.
Биыл шілдеде ол Грузия аумағында ұсталған. Бас прокуратураның сұрауынан кейін күдікті Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылған айып дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, биыл жазда Kyzdar.net сайты иелеріне қатысты қылмыстық іске нүкте қойылып, алты адам 8-10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылды. Сайт иелерінен ондаған люкс автокөлік, пәтерлер, коттедждер мен жер телімдері табылған. Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілердің атына 8 компания, 5 пәтер, 6 коммерциялық үй-жай, 6 коттедж, 10 жер телімі, 6 тұрақ орны және 11 люкс автокөлік тіркелген. Тергеу дерегінше, олар айына 500 млн теңгеге дейін пайда тапқан.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
12 қараша 2026