Абу-Дабидегі келіссөздер немен аяқталды
Абу-Дабиде Ресей-АҚШ-Украина арасындағы екі күнге созылған келіссөздер аяқталды. Бірақ соғысты тоқтатуға әсер ететіндей келісімдер қабылданбады деп жазады ВВС.
Келіссөздер кезінде талқыланған басты мәселе – аумақтық тұтастық. Кей дереккөздердің жазуынша, АҚШ Киевке Донецк және Луганск облыстарын Ресейге тиесілі деп мойындауды ұсынған. Бірақ бұл жағдайда Украина өз ұстанымынан бас тартқан емес.
«Менің ойымша, ресейліктер өте қатаң нұсқаулықты ұстанып отырды, дискуссия кезінде олардың мәнерін жұмсарту өте қиынға соқты», – деді Украина өкілі Давид Арахамия.
Оның сөзінше, бұл кездесу биылғы жылдағы ең қиын келіссөздердің бірі болған. Ал Ресей атынан келген Владмири Мединский енді жағдай Украинаға байланысты екенін айтты.
«Қазір көп нәрсе Украинаға, АҚШ-тың ұстанымына және Еуропаның әрі қарайғы әрекетіне байланысты болады», – деп атап өтті ол.
Мединский сөзінше, Мәскеу бұған дейін талап қойғандай Ресей бақылап отырған Донбасстың (Украина шығысындағы аумақ, Донецк пен Луганск облыстарын қамтиды) кей бөлігінен бас тартуды тағы да ескертті және ол талабынан танбақ емес.
Келіссөздердегі ең сәтті келісім ретінде тұтқындарды алмастыру жайын айтуға болар. Мәскеу де, Киев те жақын арада тағы да соғыс тұтқындарын алмасатынын және оған дайындалып жатқанын да растады.
Ал америкалық тарап нақты бір ұстанымын білдіруден бас тартты. Ақ үй өкілдерінің сөзінше, соғысты тоқтатуға жақындататындай «кей мүмкіндіктер» байқалған, бірақ бұл келіссөздерден кейін атыс тоқтайды деп айтуға әлі ерте.
«Бұл келіссөздердің өте күрделі әрі түсініксіз тұстары көп. Эмоциялық жағдай да әсер етіп отыр, сондықтан оларды жүргізу тіпті қиын. Қазіргі уақытта тараптар арасында сенім жоқ. Мұндай қақтығыстан кейін бұл – қалыпты жағдай», – деді АҚШ президентінің арнайы өкілі Джаред Кушнер.
Оның айтуынша, АҚШ Еуропа елдерінің де келіссөздерге қатысқанын қалайды. Кушнер Еуропаны келіссөздер форматына қосу мәселесін Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде талқылайтынын айтты.
Келіссөздер біткеннен кейін америкалық делегацияны бастап келген Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Мәскеуге барып Путинмен, одан әрі Дублинге ұшып Украина президенті Зеленскиймен кездесуі керек.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
12 қараша 2026