Қазақстан құрамасы Молдоваға қарсы матчқа неге Түркістанда дайындалып жатыр
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип Ұлттар лигасында Молдоваға қарсы өтетін ойынға дайындық барысы туралы айтты. Оның сөзінше, команданың Түркістанда жаттығу өткізуіне табиғи көгал мен ауа райы себеп болған, деп хабарлайды Kursiv Media.
Қазақстан құрамасы 13 қарашада Кишиневте Молдоваға қарсы Ұлттар лигасының кезекті матчын өткізеді. Қазір ұлттық құрама Түркістанда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
«Алғашқы күндері футболшылардың ойын ырғағына қайта оралуына уақыт қажет. Кейбір жігіттер үш-төрт күн демалды. Сондықтан оларды жаттығу процесіне қайта қосу үшін жиынды ертерек бастадық. «Ордабасы» мен «Қайраттың» ойыншылары, сондай-ақ шетелде өнер көрсететін футболшылар кейінірек келді. Легионерлер кеше қосылды. Менің ойымша, жақсы жұмыс атқардық», – деді бас бапкер.
Нидерландтық маман ұлттық құраманың неге дәл Түркістанда дайындалып жатқанын да түсіндірді.
Оның айтуынша, Молдовадағы кездесу табиғи көгалда өтеді. Ал Қазақстан құрамасы үйдегі матчтарын жасанды төсеніш төселген «Астана Аренада» өткізеді. Сондықтан футболшылардың табиғи көгалға бейімделуі маңызды.
«Ең алдымен, алаңның төсенішіне байланысты. Молдоваға қарсы сырт алаңда табиғи көгалда ойнаймыз. Ал Түркістанда табиғи көгалда жаттығуға мүмкіндік бар. Мұндағы ауа температурасы да Астанамен салыстырғанда қолайлы. Түркістанды таңдауымыздың басты себебі осы. Молдовадағы ойыннан кейін келесі матчқа дайындалу үшін Астанаға ораламыз», – деді ван ’т Схип.
Бас бапкер Молдоваға қарсы кездесудің турнирлік тұрғыдан да маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, жеңіске жеткен жағдайда Қазақстан құрамасы топтағы екінші орынға таласу мүмкіндігін сақтап қалады.
«Молдоваға қарсы ойын – қазір біз үшін ең маңызды матч. Өйткені келесі кездесу әрқашан маңызды. Егер жеңіске жетсек, екінші орынға таласу мүмкіндігіміз сақталады. Бұл футболшылардың ынтасы үшін де маңызды. Ойыншылар да, бапкерлер штабы да жеңіске жеткісі келеді. Ең алдымен, жанкүйерлер соны күтеді», – деді маман.
Ұлттар лигасының С дивизионындағы үшінші топта төрт турдан кейін Қазақстан құрамасы екі ұпаймен соңғы орында тұр.
Қазақстан 13 қарашада Кишиневте Молдовамен кездеседі. Ал топтық кезеңдегі соңғы ойынын 16 қараша күні Астанада Словакия құрамасына қарсы өткізеді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
12 қараша 2026