Алматыда метро құрылысына байланысты Алатау даңғылында қозғалыс шектеледі
Алматыда метро желісін «Барлық» базарына дейін ұзарту жұмыстары басталды. Жаңа станциялардың құрылысына байланысты 13 қарашадан бастап Алатау даңғылының бір бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі, деп хабарлайды Kursiv Media.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, «Қалқаман» станциясынан кейін тағы үш метро станциясын салу жоспарланған. Жаңа бағыттағы тоннельдердің жалпы ұзындығы шамамен 5,3 шақырым болады.
Әзірге болашақ станциялардың ресми атаулары бекітілмеген. Сондықтан жобалық құжаттарда олар №1, №2 және №3 станциялар деп көрсетілген.
Бірінші станция Алатау даңғылында, Абай даңғылының солтүстігінде орналасады. Оның құрылысы 13 қарашада басталады. Осыған байланысты 13 қарашадан бастап Алатау даңғылының Абай даңғылынан Ұлықбек көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі. Жүргізушілер осы көшеге қатарлас орналасқан қосалқы жолмен қатынай алады. Екінші станция Алатау даңғылы мен болашақ Төле би көшесінің қиылысы маңында салынады.
Ал үшінші станция «Барлық» базарының жанында орналасады. Бұл аумақта метро, автобус бағыттары және жеңіл рельсті көлік жүйесін (LRT) біріктіретін көлік-ауыстыру торабын салу жоспарланып отыр.
Жаңа станциялар Алматының батыс бағытындағы қоғамдық көлік қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтіледі.
Айта кетейік, 11 қарашада Алматыда толассыз жауған жаңбыр салдарынан «Алатау» метро станциясының солтүстік жерасты жаяу жүргіншілер өткелін су басқан еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
12 қараша 2026